2005-жылы елімізде 12,5 млн. тонна түсім жиналады - ҚР ауылшаруашылығы министрлігі

"Топырақ құрамында жеткілікті мөлшерде су болуы мен ылғал қорын ұлғайтуға септігін тигізген көктемгі жаңбырлар осындай болжам жасауға мүмкіндік береді",- деді А.Буць. Алайда, оның айтуынша, "бұл болжам негізгі астықты аймақтарда шілденің аптабы болмай, дән масақ жарған сәтте жаңбыр жауған жағдайда ғана жүзеге асады".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005-жылы дәнді дақылдарға арналған жалпы егістік алқаптарының ауқымы 13,79 млн. гектарды құраса, бидайға 10,96 млн. гектар, сұлыға 1,239 млн. гектар, дақылдық жүгеріге 91,9 мың гектар, күрішке 78,4 мың гектар алқап арналды.
Майлы дақылдарға 543,3 мың гектар, соның ішінде күнбағысқа 371,9 мың гектар, сафлорға 122,5 мың гектар, соя бұршағына 32,1 мың гектар бөлінді. Қант қызылшасына 19 мың гектар алқап , мақта дақылына 185 мың гектар алқап арналған.
2004-жылы жиналған жалпы астық түсімі бункерлік салмақ бойынша 13,9 млн. тонна болды. Еліміз бойынша орташа астық түсімі бір гектардан 9,8 центнерді құрады. Дәнді дақылдарға арналған жалпы егістік алқаптарының ауқымы 14,3 млн. гектарды құраса, 11,9 млн. гектарға бидай егілді.