2005-жылы Павлодар облысындағы ауылдық аумақтарды дамытуға 6 млрд. теңге бөлінеді

Бағдарлама аясында жыл аяғына дейін облыста 25 ауылдық елді мекенді телефонмен қамтамасыз ету, 83 елді мекенде мектептерді күрделі жөндеуден өткізу және екі жаңа мектеп салу, 39 елді мекенде денсаулық сақтау нысандарын жөндеп, жаңадан төрт аурухана салу жоспарланған. Сонымен бірге облыстағы ауылдық жерлерде биыл 23 кітапхана мен үш көңіл көрсету орталығы ашылады.

Биыл сонымен бірге тұрғындарға арнап 60 мың теңгеден 130 мың теңгеге дейін шағын несиелер бөлінеді. Бұл мақсатқа бағдарламада 37 млн. теңге қарастырылған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бағдарлама ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықты азайту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатын көздейді.
Бағдарлама екі сатылы жүзеге асырылады. 2004-2006-жылдарға есептелген алғашқы кезеңінде өндіріс өсімін қамтамасыз етіп, ауылдағы экономикалық іс-қызметтер аясын кеңейту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Бұл шаралар ауыл тұрғындарын келешегі жоқ жерден басқасына көшіруге ынталандыруы тиіс. 2004-жылы облыста бағдарламаның бірінші кезеңі аясында 5,3 млрд. теңге игерілді. 2007-2010-жылдардағы екінші кезеңде ауыл тұрғындарының орналасу жағдайын одан әрі оңтайландыру үшін әрбір ауылдың потенциалдық сыйымдылығын анықтау мақсаты алға қойылып отыр.
2005-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен Павлодар облысында 453 ауылдық елді мекен, соның ішінде 446 ауыл мен 7 кент тіркелген. Олардың 33-і даму әлеуеті жоғары, 369-ы орташа әлеуетті, 38-і әлеуеті төмен, 13-і тұрғындары тастап кеткен ауылдар. Жалпы алғанда 750 мың тұрғыны бар Павлодар облысында 300 мың адам ауылдарда тұрады.