"Лакшми Миттал мырза екеуіміз барлық мүмкіндіктерді қарастырып шықтық. Сөйтіп мен жер асты мен үстінде жұмыс істейтін шахтерлардың жалақысын 1-шілдеден бастап 10 процентке, ал 1-қаңтардан бастап тағы да 10 процентке өсіру жөнінде Миттал мырзамен уағдаластым. Жалпы алғанда биыл шахтерлардың жалақысы 20 процентке өседі",- деді Н.Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ қаза тапқан шахтерлардың отбасы мүшелерімен жүздесті. "Мен сіздермен жолығып, тағы бір рет көңіл айтпай кете алмадым",- деп атап өткен мемлекет басшысы "қайғылы оқиғадан кейін әрбір отбасының жағдайын қарап, көмек көрсетуге тапсырма бергенін" еске салды.
"Қайғылы оқиғаның алғашқы тәуліктерінен бастап біз әрбір отбасы мүшелерімен тікелей жолығып, барлық өтініш-тілектерге құлақ астық. Заң шеңберіндегі барлық өтемақылар төленді. Әрбір отбасына Қарағандыдан пәтер берілді",- деп сендірді Елбасын "Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент. "Бұл тауқыметке біз тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, адамгершілік тұрғыдан да мән бердік",- деді ол.
Н.Назарбаев Қарағанды облысындаы көмір кеніштеріндегі оңды өзгерістерге тоқталды. "Кеніштерге озық технологиялар келді. Жаңаша қауіпсіздік шаралары алынуда. Әлеуметтік проблемаларға да мән берілуде. Бұл мәселені мен жіті қадағалап отырамын",- деді ол.