2006-жылы Қазақстанда Жалпы ішкі өнімнің өсімі 10,6% құрады - үкімет

"Алдын-ала есеп бойынша, Қазақстанда 2006-жылы Жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 2005-жылғы деңгеймен салыстырғанда 10,6% құрап, болжанған шамадан 2,1% артты. 2006-жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім $5 083 болды", - делінген құжатта.

Сондай-ақ, баяндамада атап көрсетілгеніндей, "Ұлттық банк пен үкімет тарапынан қолданылып жатқан шараларға қарамастан, 2006-жылы инфляция деңгейі 8,6% көлемінде жоғары деңгейде сақталып қалды".

Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің өсімі 7%, өңдеу өнеркәсібінің өнімі - 7,3%, тау-кен өнеркәсібінің өнімі - 7% болды. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жиынтық жалпы көлемі 7%-ке, көлік қызметі 5%-ке, байланыс қызметі 20,4%-ке өсті. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсімі 20,1%, негізгі капиталған салынған инвестициялардың көлемі 10,6%-ке өсті.

2006-жылы сыртқы сауда айналымы 367%-ке өсті, соның ішінде экспорт көлемі 37,3%-ке, импорт - 36,4%-ке өсті. Жұмыссыздар саны 2,4%-ке азайды, ал жұмыссыздық деңгейі 7,8%-ті (2005-жылы ол 8,1% болған) құрады. Халықтың нақты ақшалай кірісі 10%-тен аса өсті. Алдын-ала мәлімет бойынша, экономикаға жұмсалған несиелердің көлемі 2006-жылы 2005-жылғымен салыстырғанда 82,7%-ке өсіп, 4 736 млрд теңгеге жетті, депозиттер көлемі 88,4%-ке өсіп, 3 115 млрд теңгеге жетті.

Құжатқа сәйкес, 2006-жылы Ұлттық қор активтері $14 млрд дейін өсті. Оны қосып есептегенде алтынвалюталық резервтер көлемі $33 млрд-тан асты.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті