2006-жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға арнаған шығындары 598 млрд. теңгеден асады - ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің болжамы

Министрдің айтуынша, 2006-жылы әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдетуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға 348,2 млрд. теңге қарастырылған. Зейнетақы төлемдерінің жалпы көлемі 252,5 млрд. теңге немесе ағымдағы жылға қарағанда 43,7 млрд. теңгеге артық сомада болжанып отыр. Министр осы орайда зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 8 процент артық көлемде индексацияланатынын хабарлады. Зейнетақының ең төменгі мөлшері базалық зейнетақы төлемін қоса ескергенде 9 696 теңге болмақ.

Қ.Келімбетов 2006-жылдың 1-қаңтарынан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен жас мөлшеріне байланысты жәрдемақылар 1 мың теңгеге , ал асыраушысынан айрылуға байланысты жәрдемақы 300 теңгеден 1000 теңгеге дейін арттырылатынын еске салды. Бұл мақсаттарға қосымша 8,5 млрд. теңге қажет, деді экономика министрі.
Алдағы жылдың 1-шілдесінен бастап бір жасқа дейінгі балалардың бағым-күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Бұл мақсатқа арналған республикалық бюджет шығындары 6,3 млрд. теңгені құрамақ.
Сонымен бірге, министрдің айтуынша, 1-қаңтардан бастап көп балалы аналарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 1,9 АЕК-тен 3,9 АЕК-ке дейін ұлғайтуға 7,6 млрд. теңге көлемінде қосымша шығындар қарастырылған. Ал әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекеттік жәрдемақы төлеуге қосымша 3,6 млрд. теңге көзделді.
Жалпы алғанда 2006-жылғы бюджетте мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге 112 млрд. теңге қарастырылды.
Тұтастай алғанда, білім беру саласына 2006-жылы 96,8 млрд. теңге көзделіп отыр, бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 26,1 млрд. теңгеге артық, денсаулық сақтау саласына 78,9 млрд. теңге немесе биылғы жылмен салыстырғанда 22,1 млрд. теңге артық көзделіп отыр.