2007 жылы әлемдегі босқындар саны 11,4 млн адамға дейін өскен - БҰҰ

Өткен жылы әлемде 11,4 млн босқын болған. Ал 2006 жылы олардың саны 9,9 млн болған-ды. Халықтың ең әлсіз әрі қорғансыз санатына жатқызылатын ішкі көші-қонмен босқан адамдар саны соңғы жылы 24,4 миллионнан 26 миллионға дейін өскен. Босқындар істері жөніндегі бас комиссары басқармасының жаңа баяндамасында осы жайында айтылған. Ол баяндама жыл сайын 20 маусымда аталып өтілетін Дүниежүзілік босқындар күніне орай жарыққа шығып отыр.

Әлемдегі Босқындар істері жөніндегі бас комиссар басқармасының қорғауындағы босқындардың 50 пайызы Ирак пен Ауғанстан халқы болып табылады. Босқындар істері жөніндегі бас комиссар басқармасы Пәкістан мен Иранда пана тапқан 3 млн ауғандыққа және Сирия мен Иорданияда пана тапқан 2 млн ирактыққа көмектеседі. Сонымен қатар, былтыр Босқындар істері жөніндегі бас комиссар басқармасы босқынға айналған 523 мың Суданның, 457 мың Сомалидің және 552 мың Колумбияның азаматтарына көмек қолын созған.