2007 жылы орман-тоғайларға бақылау күшейтіліп өрт пен ағашты заңсыз кесу бірнеше есеге азайған - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

Ахметжан Есімовтің айтуынша, "жалпы орман және аңшылық шаруашылығы саласы үшін өткен жыл жаман болған жоқ. Орман-тоғайларға бақылау күшейтіліп өрт пен ағашты заңсыз кесу 2006 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге азайған". "Облыстық әкімшіліктерге қарасты мемлекеттік орман шаруашылықтарының өрт сөндіру қызметінің де жұмысына жан біте бастады. "Жасыл ел" бағдарламасы аясында ағаш отырғызу шаралары белсенді жүргізілді"-деп атап өтті ол.

Сонымен қатар министр "Жануарлар әлемін қорғау өсімін молайту саласында да жағымды жаңалықтар бар. Аңшылық шаруашылық жүргізілетін алқаптың 45,2 пайызы ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. Соның арқасында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың басы көбейіп келе жатыр. Оның ішінде бетпақдаланы мекендеген киіктердің саны 54,8 мыңға жетті" -деп мәлімдеді.

Орман кодексінің талаптарына сәйкес орманды ұзақ мерзімге пайдаланушылар мен жеке орман қорын құру институты дамып келе жатыр. Соңғы 4 жылда 993,2 мың гектар орман алқабын ұзақ мерзімге пайдалану үшін 216 келісім жасалды. Былтыр "Жасыл ел" бағдарламасы аясында 41 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылған.