2007 жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік шығындарының тиісті өсімі қамтамасыз етілмеді - Есеп комитеті

"Біздің ойымызша, бірнеше рет жасалған нақтылаулар және түзетулер кезінде зейнетақы әлеуметтік қорғау саласына бағытталған көрсеткіштердің қайтадан қаралуы қажет еді. Есепті жылы игерілмей қалған бюджет қаражаттары бұл қорытындының негізділігін дәлелдейді",- деді комитет төрағасы.

"Нақты айтсақ 2007 жылы 26 млрд. теңгеден астам шығын игерілмей қалды, оның жартысынан астамы, яғни 14,6 млрд. теңгесі, әлеуметтік блокқа арналған шығындар. Бір жағынан, жоспарлау кезіндегі кемшіліктердің жіберілуі, және, екінші жағынан, бюджеттің әлеуметтік бағдарламаларының әкімшілерінің "баяу қимылдары", күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеуіне алып келді",- деді О.Өксікбаев.

Мәселен, комитет білім саласы бойынша бірнеше облыстарда құрылыс жұмыстары басталмай қалғанын, осындай объектілерінің құрылысы бітпей жатып пайдалануға берілгенін, мектептердің оқулықтармен уақтылы қамтамасыз етілмегенін анықтаған.

"Денсаулық сақтау министрлігінде жоспарлы халықты медициналық профилактика мақсатымен қарауды толық көлемде жүргізбеген, сондай-ақ, денсаулық сақтау объектілерін уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етпеген". Мысалы, Астана қаласында 500 адам қабылдайтын диагностикалық орталықты, 160 төсектік нейрохирургия ғылыми орталығын және 240 төсектік жедел медициналық жәрдем ғылыми-зерттеу институтын атап өтуге болады.

Жүйелік сипаттағы кемшіліктер білім беруді дамытудың, денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру кезінде орын алды. "Жағдайды түзету шараларын қазірден бастап үкімет қолға алмаса, оларды іске асырудың соңғы кезеңдерінде жоспарланған шаралардың көбі орындалмауы мүмкін",- деп ескертті қаржылық бақылау органының басшысы.

Сонымен қатар, республикалық бюджеттің әлеуметтік блогының атқарылу сапасына бюджет-қаржы тәртібінің төмен деңгейі теріс әсерін тигізді. Әлеуметтік бағдарламаларды орындау кезінде заңнама талаптарын бұрмалаушылықтар 5 млрд. теңгеден асып кеткенін Есеп комитеті анықтады.