2007 жылғы ақпанда Ұлттық банктің халықаралық резервтері көбейді.
Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері ағымдағы бағамен 4,5% (немесе 948,7 млн. АҚШ долл.) өсті.
Ай ішінде Ұлттық қордың активтерін толықтыру және алтынвалюта резервтері шотынан қаржы министрлігінің сыртқы борыштарына қызмет көрсету бойынша операциялар жүргізілді, алайда, үкіметтің Ұлттық банктегі шоттарына валютаның түсуі және екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың ұлғаюы валюта қорларының ұлғаюына әкеп соқтырды.
Осылайша, жүргізілген операциялардың нәтижесінде және олардың әлемдік нарықтардағы бағасының 4,84%-ға ұлғаюы нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 880,8 млн.АҚШ долл., алтындағы активтер - 67,9 млн. АҚШ долл. ұлғайды.
Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері тұрақты бағамен - 4,2%, еркін айналмалы валютадағы таза активтер - 4,5% өсті, алтындағы активтер аз ғана өзгерді.
2007 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Қор) шоттарындағы ұлттық валютадағы айырбасталуға жататын сома 40,0 млрд. теңгені құрады.
2007 жылғы ақпанда Ұлттық банктің таза сыртқы және ішкі активтерінің өсуі ақша базасының 14,2%-ға, 1588,0 млрд. теңгеге дейін кеңеюіне себепші болды (жыл басынан бері кеңею - 5,8%).
Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есепке алмағандағы ақша базасы 14,5%-ға 1414,3 млрд. теңгеге дейін кеңейді (жыл басынан бері кеңею - 3,2%).
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті