"2009 жылдан бастап мемлекеттік жоспарлаудың жаңаша тәсілдері енгізілетіндігін ескере отырып, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі қазірден бастап орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларының мазмұны мен форматын өзгерту жұмысына ден қоюы қажет", - деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысының атап өткеніндей, "орта мерзімді фискалдық саясатта 2009-жылдан бастап республикалық және жергілікті бюджетті үш жылдық мерзіммен жасауға көшу жағы көрініс таппаған".
"Бюджет жобасының құрылымы, орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен орта мерзімді фискалдық саясаттың мазмұны мемлекеттік жоспарлауға қатысты көзқарасты өзгерту туралы тапсырманы ескермей, өзгеріссіз, бұрынғы күйінде қалған. Орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен орта мерзімді фискалдық саясат ауқымды құжаттар, бірақ онда артық ақпарат көп",- деді К.Мәсімов.
Үкімет басшысының пікірінше, мәселен, "әсіресе кәсіпкерлер үшін және жұртшылық үшін қажетті ақпарат жоқ".
"Әзірге бізде кедендік саясатта, салық саясаты мен табиғи монополияларды реттеу және басқа да саясаттарда айқындық болмай тұр. Бұл мәселелерді біз дәйектеуге тиіс", - деді премьер.
Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін мемлекет басшысы мақұлдағанын еске салған К.Мәсімов "орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен орта мерзімді фискалдық саясат біртұтас кешенді құжатқа айналып біріктірілуге тиіс екенін" атап өтті.
"Құжат бірінші кезекте алдағы үш жылға арналған бюджеттік басымдықтарды, экономикалық және әлеуметтік индикаторларды айқындап беруге тиіс", - деп санайды премьер.
"Мемлекет басшысы маған және бүкіл үкіметке өте айқын әрі нақты тапсырмалар берді. Қазір бізде таяу жылдарда айрықша қатаң әрі қажетті реформаларды жүзеге асыруға пайдасы тиетін бірегей мүмкіндігіміз бар, ол елімізді жаңаша даму кезеңіне көшіруге, әлемнің жоғары деңгейде дамыған, бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосу мақсатын жүзеге асыруға жақындата түсуге мүмкіндік береді", - деді К. Мәсімов.