Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Роскосмос" пен АҚШ-тың NASA ғарыштық агенттігі 2009 жылы Халықаралық ғарыш станциясына STS-127 бағдарламасы бойынша ұшатын Endeavour шаттлының экипажы мен Ресейдің "Союз ТМА" кораблімен ұшатын 19-шы негізгі экспедицияның экипажының құрамын келісті.
2009 жылғы көктемде ұшатын STS-127 экипажына командир Марк Л. Полански, пилот Даглас Дж. Херли, ұшу мамандары Кристофер Дж. Кэссиди, Томас Х. Маршберн, Дэвид А. Вольф пен Канада ғарыштық агенттігінің астронавты Джули Пайет кіреді. Экипаждың тағы бір қатысушысы, NASA астронавты Тимоти Л. Копра Халықаралық ғарыш станциясына баратын 18-ші негізгі экспедицияның құрамына бортинженер және ғылыми маман ретінде кіреді. Ол Жапония ғарыштық агенттігінің астронавты Коичи Вакатуды алмастырып, ол шаттлмен жерге оралады.
Сондай-ақ, Ресейдің "Союз ТМА" ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш станциясына жол тартатын 19-шы негізгі экспедицияның экипаждары да бекітілді.
2009 жылғы наурызда "Союз ТМА-14" экипажында ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка мен АҚШ астронавты Майкл Р. Баррэтт ұшуға тиіс. Экипаждың үшінші мүшесі Николь П. Стотт Халықаралық ғарыш станциясына STS-128 экспедициясының құрамында келіп, станциядағы астронавт Тимоти Копраны алмастырады.
Халықаралық ғарыш станциясын пайдалану бағдарламасына сәйкес, 2009 жылдан бастап станцияда 6 адамнан құралған экипаж жұмыс істейтін болады. Осыған байланысты 2009 жылдың мамырында Байқоңырдан екінші пилотты "Союз ТМА-15" ғарыш кемесі ұшырылады.
2001 жылы АҚШ шаттлымен аспан кеңістігіне ұшқан Балхаш тумасы, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, ресейлік ғарышкер Юрий Лончаков "Союз ТМА-15" ғарыш кемесінің командирі болмақ. Ол "Союз" кемесімен алғаш рет ұшқалы отыр. Онымен бірге ғарыштық сапарға Еуропалық ғарыштық агенттігінің астронавты, бельгиялық Франк Де Винне мен канадалық Роберт Б. Терск аттанады.
"Союза ТМА-15" экипажы халықаралық ғарыш станциясында жүрген "Союз ТМА-14" экипажына қосылады, сөйтіп, орбиталық станциядағы негізгі экспедицияның құрамы бірінші рет алты адамға дейін ұлғаяды. 19-шы негізгі экспедицияның Халықаралық ғарыш станциясындағы жұмысы кезінде екі шаттл ұшып келеді, олар алты адамнан тұратын экипаждың жұмысын жүргізуге қажетті қосымша жабдықтарды жеткізеді. 19-шы экспедиция экипажы ғарыштық станцияны ресейлік зерттеу модульдары мен қосымша түйісу тораптарын қабылдауға дайындауы қажет.
Бұған қоса қосалқы экипаждардың құрамдары да бекітілді. "Союз ТМА-14" экипажының қосалқы экипажына Максим Сураев (Ресей), Шэннон Уолкер (АҚШ), Катрин Колеман (АҚШ); "Союз ТМА-15" экипажының қосалқы құрамына Дмитрий Кондратьев (Ресей), Андре Койперс (Еуропалық ғарыш агенттігі), Крис Хадфилд (Канада) бекітілді.