200-ден астам мұғалім 24 млн теңге көлемінде заңсыз жалақы алған

Бұл қаражат негізінен мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген. Бірақ мектеп мұғалімдері оларға мүлдем сабақ бермесе де жалақы жаздырып, алып келген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мұндай заңсыздық Жамбыл облысының 6 бірдей ауданынан анықталып отыр. Олардың ең көбі Байзақ ауданында. Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық мұғалімі өткізбеген дәрістері үшін 11 миллион 200 мың теңге жалақы алған. Заң бұзушылықты прокуратура өкілдері анықтады. Осы іске қатысы бар делінген 253 білім саласының қызметкері жауапқа тартылды.

«50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директоры орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең бастысы, үкіметке келтірілген 24 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды», – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев.