7-нші Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасына алаугерлерді іріктеу бойынша республикалық комиссияны Азия ойындарын Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов басқарды. Комиссия құрамына елге танымал спортшылар, саясат пен мәдениет қайраткерлері енді.
Алаугерлерді іріктеу бойынша байқау үміткерлерден өтінімдерді қабылдаудан басталды және барлық өңірлерде облыс әкімдерінің төрағалық етуімен Алау эстафетасын ұйымдастыру жөніндегі штаб құрылды. Іріктеу кезінде қандай да бір қоғамдық жетістіктері бар, өмірлік ұстанымдары жоғары, елге, халыққа еңбегі сіңген азаматтар басымдыққа ие болды.
Мысалға, Қызылорда облысында жүгіретін алаугерлердің арасында КСРО-ның спорт шебері, 1972 жылғы Мюнхендегі Олимпиадада баскетбол турнирінің ақтық сайысына қатысқан, олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ - Әлжан Жармұхамедов бар. Әнші Роза Рымбаева Азиада Алауын кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан облысында алып жүретін болса, Қыдырәлі Болманов - Қарағанды, Илья Ильин - Қызылорда облыстарының алаугерлері.
Алаугерлерді іріктеудің екінші кезегінде басымдық - төтенше және оқыс оқиғалар кезінде ерлік танытқан, адам өмірін өлім аузынан арашалап қалған «батырларға» берілді. Олардың арасында өрт сөндірушілер, полицейлер, құтқарушылар және басқа да «бейбіт» мамандықтарда жұмыс істейтін азаматтар бар. Мәселен, эстафетаның Астанада өтетін кезеңінде Қостанай облысының атынан Садовый кентінің 20 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Артем Колесниченко қатысады. Артем өткен жылдың жазында Тобыл өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарып қалған.
Байқаудың үшінші кезеңінде ел абыройын халықаралық ареналарда бірнеше мәрте асқақтатқан - «жұлдызды» спортшыларға шақырулар жіберілді. Олардың арасында Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Ольга Шишигиналар бар. Айта кетейік, Азиада Алауының эстафетасына алаугер ретінде қатысуға құқық беретін алғашқы сертификат Қазақстандағы Грекия Республикасының Елшісі Евагелос Денаксасқа тапсырылған болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елде бұқаралық спортты дамыту қажеттігін және алдағы 7-нші Қысқы Азия ойындары барысында соған назар аударылуы тиістігін қадап айтқан болатын. Сол себепті алаугерлікке 14 жастан жоғары адамдар іріктеп алынды. Онымен бірге таңдаудың 70 пайызы ауылдық жерлерге, 30 пайызы қала халқына берілді.
Байқау нәтижесі бойынша республикада барлығы 1020 алаугер, әр облыстан - 60, Алматыдан - 80 және Астанадан - 100 адам іріктеп алынды.
Азиада Алауы 2011 жылғы 11 қаңтар күні Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласындағы «Куәйт Тауэрс» мұнараларының алдындағы алаңда тұтандырылады. Алауды салтанатты жағдайда тұтандыру құрметі АОК-ның Президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабахқа берілді. А.Сабахтың қолынан Алауды қазақстандық тараптан бірінші болып 7-Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Туризм және спорт министрі Т. Досмұхамбетов қабылдап алады.
Өз кезегінде Т.Досмұхаметов Алауды мұзда мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рахымғалиевке тапсырады. Одан әрі От - Куәйт спортшысының және бұған дейінгі Қысқы Азия ойындарын өз алаңдарында қабылдаған кәріс, қытай және жапон елдері спортшыларының қолдарына өтеді. Шағын эстафетаны отандық велошабандоз Аслан Базаев тұйықтайды. Салтанатты шара «Сазген сазы», «Гүлдер» ансамбльдері мен «Ұлытау» тобының концертіне ұласады.
Ал 12 қаңтар күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіледі де, Қазақстандағы Азиада Алауы эстафетасының алғашқы кезеңі басталады. Әрбір алаугерге 6 алау сақшысы мен арнайы автоколонна ілесіп жүретін болады. Дәл осы тәртіппен эстафета елдің барлық өңірлерінде өтеді. Саяхат барлығы 20 күнге созылады. Эстафета 30 қаңтар күні Астана қаласындағы «Астана-Арена» стадионында мәреге жетіп, Ойындардың бас қазандығын жағады.