2011-жылғы Азиялық ойындарға дайындық шеңберінде Алматыда жаңа спорттық нысандарды салуға 58,5 млрд. теңге қажет

Атап айтсақ, 20 мың көрерменге есептелген мұз сарайын салуға 13 500 млн. теңге, жүгіріске арналған 400 метрлік жолағы бар мұз айдынын салуға 2700 млн., шаңғы стадионын салуға 1350 млн., биатлон стадионын салуға 1755 млн., жаңа тау шаңғысы базасын салуға 27 000 млн., 20 мың көрерменге есептелген К-90 және К-120 трамплиндерін салуға 4725 млн., шаңғы -бобслей трассасын салуға 7560 млн. теңге қажет.

Алматыда салынатын спорттық нысандар құрылысының құны Италияның Турин қаласында осы тектес нысандарды салу құнына сәйкес есептелген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2011-жылғы Азиялық ойындарды өткізетін қала ретінде Алматы былтырғы жылдың аяғында таңдалған. 2006-жылдың 4-наурызында Азия Олимпиадалық кеңесінің бас пәтері орналасқан Кувейтте Алматы қалалық әкімшілігі, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесінің арасында үш жақты келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Алматыдағы Азия ойындары 2011-жылдың 30-қаңтары мен 6-ақпаны аралығында өтеді деп жоспарланған. Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының айтуынша, спорттың 14 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылмақ.