Бұл алқалы жиынға Қазақстан атынан Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Данияр Әбілғазин, Астана қаласының бокс федерациясының президенті Диас Сүлейменов, Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі үйлестірушісі Азиз Қожамбетов қатысқан еді. Онда 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының құрлықтық дәрежелік іріктеу турнирін өткізу құқын беретін байқаудың қорытындысы шығарылды. Бұл турнирді өзінде өткізуге Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Пәкістан елдері өтініш білдірген. Байқау қорытындысында бұл мәртебеге Қазақстан ие болды.
Жалпы мұндай құқықты өзге конференцияларда бұған дейін Әзірбайжан, Марокко, Бразилия және Австралия жеңіп алған болатын. Сондай-ақ Астанада өткен «Қазақстан Президенті кубогы» ІІ халықаралық турнирі аясында өткен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастықтары төрешілерінің семинары мен емтихандары болған еді. Сынақ нәтижесінде қазақстандық 5 рефери 3 жұлдыз мәртебесін алды. Олар - Рахымжан Рыспаев, Бақытжан Бекбенбетов, Әлішер Алтаев, Асия Аманбаева және Наталия Цой. Мұндай дәрежеге бұған дейін Азияда бірде-бір рефери ие болмаған. Енді әйелдер арасында 3 жұлдызға ие болған қазақстандық төрешілердің бірі қыркүйек айында Барбадосте өтетін әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында төрелік жасамақ.