2014 жылы Астана көшелерінде «кептелісті» азайтуға мүмкіндік беретін «ақылды» бағдаршамдар пайда болады. Бұл туралы қалалық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығы Рашид Аманжолов мәлім етті.
«2014 жылдың бірінші тоқсанында бізде 42 бағдаршам іске қосылады. Олар Сарыарқа, Тұран, Қонаев, Достық, Сарайшық, Сығанақ көшелерінің бойында орналасады. Адамдар бұл көшелерде «кептелісте» тұрмай, емін-еркін жүріп-тұрады», - деді Р.Аманжолов бейсенбі күні Smart Astana жобасына арналған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, барлық бағдаршамдар бір нүктеге тоғыстырылады және ол «жасыл толқын» сынды басқарылады. «Қазір «кептелісте» сағаттап тұрамыз. Біз ағысты басқару арқылы адамдардың баратын жеріне 20 минутта жетуін қамтамасыз етеміз», деді ол.
Р.Аманжоловтың сөзіне сүйенсек, 2017 жылға дейін Астананың орталығындағы 304 көшеге «ақылды» бағдаршамдар орнатылмақ .
Сонымен қатар, қоғамдық көлікке жеке жолақ бөлу қарастырылып отыр. «Орталықпен жүретін үлкен автобустарға арнайы жолақ бөлінеді. Олар ешкімге бағынбайды және бағдаршамдар жұмысы соларға бейімделеді. Қоғамдық көлікке басымдық берілмек. Шартты түрде айтсақ, сіз көлікпен бір сағатта жететін жерге автобус 20 минутта жетеді», - деді Р.Аманжолов.