2015 жылдың ең ірі лаңкестік әрекеттері

Бұл шабуылдар Кәрі құрлықты ғана емес, бүкіл әлемді есеңгіретті. Африка елдерінде де лаңкестік әрекеттер аз ұйымдастырылған жоқ. Алайда олар көп резонанс тудырмай, жергілікті жаңалықтар деңгейінде қалып келеді. Осы жылдың ең ірі шабуылдарын «Боко Харам» мен Ирак пен Леванттың лаңкестік тобы жасады. 2015 жыл Париж халқы үшін жақсылықпен емес, жаға ұстатар оқиғамен басталды. 7 қаңтарда «Шарли Эбдо» редакциясына жасалған қарулы шабуыл салдарынан 12 адам ажал құшып, 11-і жарақат алған. Жауапкершілікті Ирак пен Леванттың лаңкестік тобы мен «Әл-Каида» мүшелері өз мойнына алған. Жалпы бұл шабуылдан бұрын Нигерияда әлдеқайда сұмдық оқиға болған еді. 3 қаңтарда содырлар елдің солтүстік-шығысындағы Бага қаласына басып кіріп, 2 мың адамды қырып салған. Алайда бұл туралы көп жазылмай, жаға ұстатар оқиға тиісті назарсыз қалды. Ал шындығына келетін болсақ, Африка елінде әр ай сайын лаңкестік әрекет ұйымдастырылып жатады. Әдетте ол – «Боко Харам» содырларының ісі. Мәселен, 2 шілдеде олар Кукава елді мекеніне шабуыл жасап, 97 бейбіт тұрғынды мерт қылған болатын. Дәл сол күні лаңкестер 3 ауылды басып алып, 50 кісіні жер жастандырған еді. Негізінен, Нигерияның солтүстігінде әрекет ететін «Боко Харам» мүшелері көршілес Чад, Камерун мен Нигерге де шабуыл ұйымдастырудан таянбайды. Мәселен, 4 ақпанда олар Камерунның солтүстігіндегі Фотоколь қаласындағы мешітке от қойып, үйлерді қиратып кеткен. Ол кезде 100-ден астам адам көз жұмған болатын.

Алексис Маскиарелли, Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

- «Боко Харам» шабуылдарының кесірінен 5 миллион адам ішетін асқа жарымай жүр. Қазір оларға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Ашқұрсақ жұрт тек соның арқасында ғана аман қалып отыр десем, артық айтпаған болармын. Лаңкестерден сескенген жұрттың не үйіне, не дүние-мүлкіне қарайтын жағдайы жоқ. Олар содырлардан қашамын деп, тіпті киім-кешегіне дейін тастап кетіп жатады. Жалпы халықаралық экономика және бейбітшілік институтының мәліметтері бойынша, «Боко Харам» ең жауыз лаңкестік топ деп танылған. Дегенмен Ирак пен Леванттың лаңкестік тобы аз шабуыл ұйымдастырып жатқан жоқ. Оның әрекеттері содырлардың өзіне «қара пиар» жасау арқылы бүкіл әлемге жария етіліп отырады. Осы ретте Иракта 17 шілдеде болған оқиғаны еске алуға болады. Ол кезде Бани-Саад қаласында Құрбан Байрам мерекесі кезінде жергілікті базарда жүк көлігінің күлі көкке ұшқан еді. Салдарынан 120 адам көз жұмып, 160-ы жараланған. Көлікте 3 тоннаға дейін жарылғыш зат болса керек. Ирак пен Леванттың лаңкестік тобы оқиғадан кейін бірден жауапкершілікті өз мойнына алды. Содырлар Мысырда болған ұшақ апаты туралы да әлеуметтік желідегі мәлімдемесі арқылы жария еткен. Ол кезде Шарм-эль-Шейхтен Санкт-Петербург қаласына бет алған ресейлік әуе кемесі Синай түбегінде құлаған еді. Салдарынан 224 адам бақилық болды.

Амр Моха, такси жүргізушісі:


- Бұл апат 224 адамның өмірін жалмап қана қоймай, Мысырдағы мыңдаған қарапайым жұмысшының тағдырына да балта шапты. Өйткені осы оқиғадан кейін мұнда келетін туристер саны күрт азайып кетті. Қазір отбасымның жағдайы өте нашар. 3 баламды қалай асырайтынымды білмеймін. Мұндайды тіпті революция кезінде де көрмеген едім. Ирак пен Леванттың лаңкестік тобы биыл ең жауыз әрекеттерінің бірін іске асырды. Қарашада содырлардың бейкүнә 200 баланы қырып салған бейнежазбасы жария етілді. Оның нақты қашан түсірілгені белгісіз. Араға бірер күн салып, Парижде шабуылдар жасалды. Бұл оқиға әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Бұқаралық ақпарат құралардары 200 баланың қазасы жайлы тек осы Франциядағы оқиғалардан кейін ғана жан-жақты жаза бастаған. Жалпы «Лаңкестіктің халықаралық индексі» зерттеуінің биылғы жылғы ресми статистикасы әлі мәлім етілген жоқ. Дегенмен 13 қарашада Парижде болған шабуылдар биылғы жылғы лаңкестік әрекеттер ішінде ең резонансты болды. Бұл оқиғалар бүкіл әлемді есеңгіретіп тастады. Ол кезде 130-ден астам адам көз жұмған еді. Ал шабуылды ұйымдастырған бас қаскөй Салах Абдеслам әлі күнге дейін табылған жоқ. Оны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы ретте бүкіл Еуропа бойынша қауіпсіздік шаралары да күшейтілген.

Ян Жамбон, Бельгия ішкі істер министрі:

- Лаңкестікті түбімен жоюымыз керек. Басты мақсатымыз – осы. Бас күдіктіні қысқа мерзім ішінде табу үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Түркия да биыл ел тарихындағы ең ірі лаңкестік әрекетті бастан кешірді. 10 қазанда ел астанасы Анкарада орталық теміржол вокзалы маңында қос жарылыс болды. Салдарынан ресми мәлімет бойынша, 102 адам қаза тауып, тағы 250-ге жуығы жарақат алған. Оқыс оқиға кезінде мұнда кәсіподақтар ұйымдастырған ереуіл өтіп жатқан еді.

Ахмет Дәуітоғлы, Түркия Премьер-министрі:

- Біздің астанамызда болған лаңкестік оқиға әлемнің бірқатар елінің де басынан өткен. Ол Мадрид, Париж, Мәскеуде де болды. Терроризм бүкіл дүниежүзіне қауіп төндіріп отыр. Мақсаты – мейлінше көп адамды қырып салып, өзгелерді үрейлендіру.

Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы лаңкестікке қарсы тұру үшін күш біріктіріп жатыр. Осы ретте жуырда ғана Сауд Арабиясы Ислам әскери коалициясының құрылғанын жария етті Оған 34 мемлекет кіруі тиіс. Сонымен қатар 30 қыркүйектен бастап Башар Асадтың сұрауымен Ресей Сириядағы содырларға қарсы әуе операциясын жүргізіп келеді. Париждегі шабуылдардан кейін Франция әскері де әуе соққыларын бастап кетті. Желтоқсанның басында Ұлыбритания  билігі де осындай қадамға баруды ұйғарған. Сирияда лаңкестер бекінген орындарды әуеден соққылауға қатысу шешімін соңғылардың бірі болып жуырда Германия да қабылдады.