2015 жылы Астанада жаңадан 10 балабақша мен 5 мектеп пайдалануға берiледi

«Астана халқының өсiмi оның қалыптасу жылдары iшiнде үш есеге артты. Қаладағы мектепке дейiнгi мекемелердегi орын жетiспеушiлiгi 37 мың, ал кезекте 83 мың бала тұр. Мәселе мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк негiзiнде шешiлуi тиiс. Оның аясында салынып жатқан тұрғын үй кешендерiнiң бiрiншi қабаттарында балабақшаларын ашу қажет. Бұл мәселенi жобалау барысында ескеру керек. 2015 жылы 2440 орындық 10 балабақшаны және балабақшаға 60 орындық қосымша ғимараттар салып, iске қосу жоспарлануда. 5075 орындық 5 жаңа мектеп пен 1050 орындық қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берiледi», - дедi әкiм.

Оның үстiне елордада тағы бес балақша мен бес мектептiң темiрқазығы қағылмақ.


«Бiз бұнымен шектелмеймiз. 2015 жылы 1200 орындық бес балабақшаның құрылысы мен 4800 орындық бес жалпы орта бiлiм беретiн мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бiлiм беру мәселесi, бұл тек құрылыс емес, сондай-ақ оқыту саласы мен тәрбие iсiне де байланысты. Сондықтан, әрiптестерiм осыны ескерсе деймiн. Бұл бағытта мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. 2015 жылы 400 ұстазды оқыту көзделуде», - деді Ә. Жақсыбеков.