Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«2015 жылы жаңа дағдарысқа қарсы шараларға 101 млрд. теңге қайта бөлінетін болады. Оның ішінде Ұлттық қордан 2015 жылға әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысына жоспарланған 30 млрд. теңге бар», - деді министр.
Е.Досаевтың айтуынша, бөлінген қаржының 17,3 млрд. теңгесі үш ауысыммен білім беретін және апатты мектептерді жою үшін білім беру нысандарын салуға, 12,7 млрд. теңгесі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бағытталатын болады. Сонымен қатар келер жылға Ұлттық қордан шағын несие ұйымдарын қаржыландыруға, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, жол салуға қарастырылған 71 млрд. теңге ағымдағы жылға ауыстырылады. Аталған қаржының 20 млрд. теңгесі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға, 10 млрд. теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы жобаларға инфрақұрылым жүргізуге, 5 млрд. теңгесі техникалық реттеуді дамыту арқылы ішкі нарықты қорғауға, 6 млрд. теңгесі геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға, 30 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысын арттыруға жұмсалады.
«Бәйтерек» АҚ-ның келер жылға қарастырылған кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға арналған Ұлттық қордан 100 млрд. теңге сомасындағы облигациялық займының 75 млрд. теңгесі де 2015 жылға ауыстырылады», -деді Е. Досаев.