-Иә, жылдың ең басты саяси жаңалығы деп мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауын айтар едім. Бұл жолы сайлауды ертерек өткізуді
Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған. Күтпеген жерден жарияланған тосын бастаманы еліміздегі саяси күштердің барлығы лезде қолдай кетті. Ал күллі әлемнің назары ауған сәуірдің жиырма алтысындағы додада Нұрсұлтан Назарбаев 2 қарсыласын шаң қаптырып, 97 пайыз дауыс алды. Сөйтіп, тағы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осымен бесінші рет өткен жалпыхалықтық сайлауды халықаралық ұйымдар ашық әрі әділ өтті деп бағалады. Сайлауалды бағдарламасында президент саяси, экономика, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау органдарын реформалайтынын айтқан еді. Қазір осы шаруалар біртіндеп жүзеге аса бастады.
Ал 2015 жылдың ең шулы сот процесі, сөз жоқ, экс-премьер Серік Ахметовке қатысты. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Үкімет басшысының абақтыға жабылуы бірінші рет. Тағылған айыптар да ауыр. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекеттің миллиардтарын қалтаға басқан. Дегенмен Ахметов бұл заңсыздыққа Үкіметте отырғанда емес, Қарағанды облысын басқарған тұста барыпты. Сондықтан қылмыстық топ құрамында болды деген айыппен Ахметовпен бірге қызмет істеген Қарағанды облысының кейінгі әкімі Бауыржан Әбдішев, қала басшысы Мейрам Смағұлов бар, бас-аяғы 21 лауазымды атқамінер айыпты деп танылды. Экс-премьердің өзі алдағы 10 жылын темір торда өткізуі тиіс. Кетіп бара жатқан жылдың тағы бір шулы ісі Астанағы ЭКСПО көрмесіне қатысты. Халықаралық шараны өткізуге жауапты ұлттық компания басшысы Талғат Ермегияев та сыбайластарымен бірге 10 миллиард теңгені жымқырды деп айтыпталып жатыр.
«Жыл оқиғасы» деген номинацияның биылғы жеңімпазы - сөзсіз ол девальвация! Тамыз айынан бастап жұртты тыпыршытып қайған төл теңгеміздің көз алдымызда күн санап құлдырауы ел есінде ұзаққа қалатыны анық. Бастапқыда 270 теңгеге көтерілген АҚШ ақшасы күніне бір емес бірнеше мәрте күшейіп, күнде рекордты. Бұрынғы бағам енді жоқ! Қазір оның құны кемі 330-дың үстінде. Бағамның соңынан Ұлттық банк басшысы да ауысқанымен, ондан өзгергені шамалы. Есесіне теңгемен бірге тариф, азық-түлік, бензин бағасына дейін жарысып көтеріліп жатыр. Ал ұлттық валютамыз бірінші рет ТМД ғана емес, Еуропадағы ең құнсыз ақша атанды.
Ел есінде қалған ірі табиғат апаттарының бірі шілденің 22-сінен 23-іне ауған түні Алматыда болды. Мұндағы сел жұрттың зәресін алған еді. Бірден 3 ауданның 450-ден астам үйіне дейін кірген топан су жолындағы ағаш, ірі тастар мен көпірлерді, электр бағаналары мен көліктерді шайып кеткен. Бұл апат таудағы мұздықтардың еруі мен көлдің толып кеткенін мамандардың дер кезінде байқамауы салдарынан болды. Құдай сақтап, бөгет лай су, тамырымен жұлынған ағаштар мен тастарды тоқтатып, қаланы аман алып қалды. Жұртты дүрліктіруге тырысқандар түрлі видео таратып, өзгенің мүлкін ұрлауға әрекет жасағанымен, қол ұшын созғандар басымырақ болды. Құтқарушылар, әскерилер және коммуналшылармен қатар, қарапайым алматылықтар да апат салдарын жоюға атсалысты. Алматы тарихындағы ең ірі тасқынның бірі сөз жоқ елдің есінде біразға қалары анық!
Осы жыл үнемі қоғамдық көлікпен жүретіндердің де есінде ұзақ сақталатыны анық. Себебі, сексен жылдық тарихы бар Алматыдағы трамвай депосы жұмысын тоқтатты. Қыркүйек, қазан айларында қалада трамвайдың қатысуымен екі бірдей ірі жол апаты болып, он шақты адам жарақаттанған. Алғашқысында біліксіз маман басқарған техниканың тежегішінен ақау шығып, 17 автокөліктің бүлінген болатын. Тау болып үйліген темір-терсектің ішінен адамдарды құтқарушылар аман алып шықты. Бірақ бұл апат басшыларға сабақ болмаса керек. Араға ай салып тағы бір трамвай 14 көлікті жарамсыз етті. Бұл жолы да алып техника өздігінен жүйіткіп, жолындағыны жайпап өткен. Алайда әлі күнге қос апаттың себеп-салдары толық анықталған жоқ. Сондықтан шаһар басшысы тоз-тозы шыққан шойын жолдармен жүрудің қауіпті екенін ескеріп, трамвай депосын уақытша жауып тынды.
Үшінші қазақтың космосты бағындыруы да қой жылының ең басты жетістіктерінің бірі. 41 жастағы Айдын Айымбетов қыркүйек айында Байқоңырдан ғарышқа ұшып, көк туымызды орбитада желбіреткені мәлім. Онда ғылыми зерттеулер жүргізген Айымбетов, Арал мен Каспий теңіздерінің тартылу себебін іздеп, аспанда құрт пен ірімшіктің адам бойына қалай сіңісетінін тексеріп келді. Тура 10 күннен соң аман-есен жерге оралған ғарышкер нағыз батыр атанды. Елбасы оған «Халық Қаһарманы» атағын беріп, еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттаған болатын. Ал, Айымбетовтың орбитаға ұшқан ақысы Ресейге бюджеттен төленді. Ол сома 6 миллиард 140 миллион теңге.
Биылғы елеулі оқиғалардыңың тағы бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз. Астанадан бастау алған дүбірлі тойдың негізгі шаралары Таразда өткен болатын. Үш күнге созылған ұлық мерекеге еліміздің түкпір-түкпірі мен шет мемлекеттерден бас-аяғы 25 мыңға жуық мейман келген. Мәртебелі қонақ ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, «Мәңгілік ел» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Дәл осы күні шығыс пен батыстың өрекенитетін тоғыстырған Ұлы жібек жолы қайта жаңғырды. Қытайдың Сиань қаласынан бір жыл бұрын шыққан керуен торқалы тойдың үстіне түсті. Айтулы дата биік деңгейде аталып өтті десе болады. Оған қазынадан 2 млрд 900 млн теңге құйылған. Есесіне оншақты зәулім ғимараттар тұрғызылып, көне шаһар аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерді. Жалпы, 2015 жылдың ең негізгі оқиғалары осындай болды. Ал арғы күні келетін Мешін жылынан жұрт тек жағымды жаңалықтар күтеді.
Loading...