Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін «Ауылым алтын бесігім» форумында осылай мәлім етті.
Іле Алатау атақты апорттың отаны. Оны қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бүгінде 14,2 мың гектар бау-бақша бар. Оның шамамен екі мыңында апорт өсіріледі. 2016 жылға қарай аумағы 2,5 мың гектарға дейін артып, жыл сайын үш тоннадан астам алма жиналатын болады.
Облыстағы шаруашылықтар өсіріп жатқан жеміс-көкөніс өнімдері өңдеу кәсіпорындарын жұмыспен қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, Еңбекші қазақ ауданындағы «Айдарбаев» шаруа қожалығының жеке бау-бақшасы бар. Олар өздері табиғи шырын әзірлеп, тұтынушыларға өткізеді. «Голд Продукт», «Есік жеміс-жидек консервілеу зауыты» кәсіпорындары шаруа қожалықтарымен бірлесіп жылына жеті тонна жеміс-көкөніс консервілерін, 10 млн. литр шырын мен шарап шығарады.
"Қант қызылшасын өсіруді қалпына келтіру бойынша қыруар жұмыстар атқарылуда", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Биылғы жылы облыста қант қызылшасын өсіруге 4 мың гектар жер бөлінбекші. Қызылша егетін 4 шаруашылық көктемгі егістік жұмыстарына кірісіп кетті.
Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен «Жетісу» ӘКБ биыл аймақтың қызылша егетін шаруашылықтарын тұқыммен қамтамасыз етуде. Сәуір айының соңына дейін оларды Ескелді, Ақсу, Сарқан және Қаратал аудандарының шаруашылықтары алады. Көксу ауданы қазірдің өзінде қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа, «Жетісу» ӘКБ машина-трактор стансалары қызмет көрсету-даярлау орталықтарының желілерін ұйымдастыру бойынша әлеуметтік жобаны іске асырып жатыр.