2019 жылдан бастап мектептегі жаратылыстану пәндерінің екеуін ағылшын тілінде өту жоспарлануда

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология» пәндері мұғалімдерінің біліктілігін жоғарылату курстарынан өтуге қатысты баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ortcom.kz сайты.

Баспасөз конференциясына ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова, Назарбаев университетінің Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Кадиша Даирова, Назарбаев Университетінің Білім көшбасшылығы орталығының Білім беру істері жөніндегі директор орынбасары Асель Мухаметжанова және Білім көшбасшылығы орталығының Білімдік және кәсіптік бағдарламалар департаментінің басшысы Лаура Қарабасова қатысты.

«НБО-да 4 пән бойынша барлығы 31928 мұғалім бар. Оның 62%-ы ауыл мұғалімдері, қала бойынша – 38%-ды құрайды. 2 жыл ішінде республикалық бюджет есебінен 12179 мұғалім тіл курстарынан өтті. Оның 750-і 2016 жылы оқытылса, биыл 11429-ы тіл курстарынан өтті. Яғни жалпы 40%-ын қамтыды», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова.

Қазіргі уақытта тіл курстары «Назарбаев Университеті» АБҰ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АБҰ, «Өрлеу» ҰБЖО» АҚ, «USTAZ Professional Learning Centre» ЖШС, «Astana School of Business and Technology» ЖШС, «Астана Білім Ордасы» ЖШС қатарлы алты ұйымда өткізіп жатыр.


«Халықаралық емтихандарды тапсырған және оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде өткізіп жатқан пән мұғалімдері үшін 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап негізгі лауазымдық қызметақыдан 200% көлемінде қосымша төлем төленеді», – деп мәлімдеді департамент басшысы Шолпан Каринова.