2020 жылғы жазғы Олимпиаданың бюджеті екі есеге көбейеді

Жапон билігінің мәліметінше, бағаның өзгеруі 2011 жылдың наурыз айында орын алған апаттық жағдайдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарымен байланысты. Ол кезде елдің солтүстік-шығысындағы бірқатар елді мекендер мен тұрғын алаптары жойылып кеткен болатын. Зардап шеккен аудандардағы құрылыс жұмыстарына деген сұраныс қажетті материалдар мен жұмыс күшінің қымбаттауына әкеліп соқты.

Сондай-ақ Олимпиада нысандары құрылысының бастапқы бағасы тым төмендетілгені белгілі болды.  Мәселен, Токио бұғазындағы ескекшілердің жарысы өтетін аймақтың құрылысының бағасын он есеге көтеруге тура келді.

Ел билігі түрлі қаржы органдары мен әлеуетті демеушілермен  жүргізілген келіссөздердің арқасында 410 млрд.иена (4 млрд.доллардан астам) қажетті соманы қаматамасыз еткенін мәлім етті. Айтуларынша, бұл сома 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыруға жеткілікті.


Айта кетейік, Токио 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын өткен жылы 8 қыркүйекте жеңіп алған болатын. Жапония астанасымен бірге байрақты бәсекені өткізуге Мадрит пен Ыстамбұл қалалары таласқа түскен болатын.