Қазақстанда "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңдағы өзгерістен кейін көптеген хостелдің қожайындары проблемаға тап болған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне туристік бизнестің өкілі айтты.
2020 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер күшіне енген. Енді барлық хостел адам тұрмайтын ғимаратта жасалып, кіретін бөлек жері болуы керек. Бұл көппәтерлі үйлерде орналасқан нысандарға да қатысты. Бизнесмендердің айтуынша, бұл көптеген проблема алып келген. Алғашқылардың бірі болып бұл проблема алматылық Александр Акназаровқа әсер еткен. Оның хостелі тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. "Біз пәтерді үш жылға жалға алып, бәрін қайта жабдықтап шықтық. Хостелден подъезд арқылы шығу керек. Ал таяуда маған учаскелік полицей, миграциялық полиция мен басқарушы компанияның өкілдері, ПИК, көршілер келді. Шулап, жабылуымызды талап етті, мұнда заң бойынша болмауымыз керек екен. Өзгерістер туралы сол кезде ғана білдім", - дейді Александр. Ол заңда өзгерістің кімдерге арналғаны, қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ жазылмағанын айтады. "Хостелге жаңа анықтама берілді. Бұл өзгерістер кімге қатысты екені түсініксіз - жаңа нысандарға ма, әлде бәріне ме? Егер бәріне болса, бізге қайта жабдықтап үлгеру үшін берілетін өтпелі кезең қайда? Егер заң бұзсам, мені қандай санкциялар күтіп тұр? Ештеңе түсінікті емес", - дейді Александр Акназаров. Ер адам енді хостелке тұрақты келіп жүргендерді шығарып жіберуге мәжбүр екенін айтады. "Беделді жоғары оқу орнымен келісім бойынша, бізде шетелдік студенттер тұрып жатыр. Олардың бәрі тіркелген, Қазақстанға студенттік визамен келген. Бізге келердің алдында міндетті түрде медициналық тексерістен өтіп, анықтама алып келеді. Сабырлы әрі әдепті адамдар. Біздің ережеміз бойынша, оларға хостел аумағында ішімдік ішуге, мас күйінде жүруіне, есірткі қабылдауына тыйым салынған, мұны қатаң бақылаймыз. Олар кімге кедергі келтіреді?", - деді ол.