2024 бумы: Экономиканың кей салалары мықты серпілмек

Бүгін Парламенттің бірлескен отырысы өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы мен алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Осыған байланысты қаржы сарапшысы Айбар Олжаев пікір білдірді.

Мәселен, биыл 12 мың километр автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жасау көзделген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Елімізде республикалық маңызы бар 96 мың шақырым жол бар екенін ескерсек, соның 8 пайызы бір жылда жөнделеді.

Халықты баспанамен қамту мақсатында 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Отбасы банкі «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларын іске қосқан еді. Бүгінге дейін 64 мың өтініш келіп түскен. Ал жалдамалы пәтерді көбейту мақсатында қосымша 272 миллиард теңге бөлінген.

Сондай-ақ 1800 километрге газ құбыры жүргізіледі. Нәтижесінде 300 мың адам көгілдір отынға қол жеткізбек. 6,5 километр коммуналдық желі жаңартылады. Демек, газ өндіру көлемі де көбеюге тиіс. Ендеше, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.

Негізі жоспар бойынша жыл сайын экономиканы 6 пайызға ұлғайтып отыру қажет. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Оған жақындау үдеден шықсақ қуанар едік. Қазірдің өзінде құрылыс, байланыс, транспорт салаларында өсім анағұрлым жоғары. Сауда-саттық саласында да өсім біртіндеп артып келеді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 4 есеге өсті. Биыл отандық өндіріске 540 милилард теңге беріледі. Жаңа лизингтің бағдарлама бойынша 100 миллиард теңге бөлінеді.

Экономикаға салынған қаражаттың қайтарымы болатыны түсінікті. Яғни, елдегі ішкі жалпы өнім көлемінің артуына жағдай жасайды. Әрине, мұның бәрі әлеуметтік бағыттағы жобалар. Бірақ бұлар экономиканы күрт жандандыруға тиіс. Жыл нәтижесін күтеміз.