2024 жылы ардагерлердің аталған санаттарына 16,7 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санаттарына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:
- ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 27 875 теңге);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда.
Қазақстанда қанша ҰОС ардагері қалды?
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 85 203 ардагер тұрады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 120 ардагері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 983 ардагер, 26 506 басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері, 41 594 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккері бар.