2025-жыл дегенде мұнай құны әрбір баррельге шаққанда 48 долларға дейін өсуі мүмкін

Бүгін, 4-шілдеде Мәскеуде өткізілген баспасөз мәслихатында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Жылу энергетикалық кешен жөніндегі Халықаралық институтының директоры Валерий Салыгиннің айтуынша, аталмыш болжам жуырда өткізілген Ресей-ОПЕК аралық семинарда ортаға салынған.

В.Салыгиннің хабарлауынша, мұнай базарындағы тұрақты даму одан әрі жалғасқан жағдайда дүниежүзіндегі мұнай тұтыну көлемі 2025-жылға дейін жыл сайын 1,8 процентке өсіп отырмақ. Соған сәйкес, жалпы мұнай тұтыну көлемі 2001-жылғы 77 млн. баррельден 2025-жылы 115 млн. баррельге дейін өседі.
Ал мұнай базарында тұрақсыздық белең алған жағдайда 2006-жылы мұнай бағасы әрбір баррельге шаққанда 20 долларға дейін арзандауы мүмкін. Ахуал осындай қолайсыз бағытта өрбісе, ОПЕК сарапшыларының бағалауынша, Ресей бюджетінің шығыны 2020-жылға дейін 32-35 млрд. долларға жетеді,- деді В.Салыгин.
Мәскеу Халықаралық институты директорының айтуынша, дүниежүзілік мұнай рыногында тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысында Ресей мен ОПЕК мүддесі өзара сәйкес. В.Салыгиннің айтуынша, тұрақтылықты сақтаудың басты құралы- мұнай экспортына квота белгілеу боп қала бермек. Әзірге ОПЕК квота беру мәселесін өз бетімен шешіп отыр, алайда мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы бұл мәселені Ресеймен бірлесе отырып шешуге мүдделі деді В.Салыгин.