Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 19-тамызда 14 адамнан құралған бітімгершілік бөлімшенің бірінші тобы Алматыдан Таяу Шығысқа аттанған болатын. Иракқа жіберілген қазақстандық бітімгершілер отряды жалпы 27 әскериден тұрады.
Инженерлік-саперлік топ құрамасы Кувейтте жасақталып, бұдан кейін топ Иракқа бет түзейді. Отряд Бағдад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай Иран шекарасына таяу жердегі поляктарға қарасты аймақта орын тебеді. Украиналық бітімгершілік топ та осы аймақта орналасады деп күтілуде.
19-тамызда журналистерге арналған шағын баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың атап көрсеткеніндей, қазақстандық бітімгершілік топтың басты мақсаты - жарылғыш заттар құрылған алаңдарды залалсыздандыру және ауыз су көздерін табу болып табылады. Қорғаныс мекемесінің басшысы сондай-ақ, жергілікті тұрғындар Қазақстандық контингентке түсіністікпен қарайды дегенге сенім білдірді.