22 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қалай ашылды - қылмыскердің шындығы

Айта кету керек, Николай Ленкин кісі өлтіру ісі бойынша үкім шыққан сәтте бұған дейінгі төртінші соттылығы бойынша жазасын өтеп жүрген.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес:

«2003 жылғы 30 мамыр күні түнгі уақытта Қостанай қаласында, бірге алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін айыпталушы Л. танысы Е.-ні үйіне дейін шығарып салуға келіседі. Жол бойында Л. Е.-ге онымен жыныстық қатынасқа түсу туралы ұсыныс жасайды. Қыз бас тартқан соң, оны қолымен қылқындырып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен».

Ос қылмысы үшін және бұрынғы өтелмеген соттылығын ескере отырып, Николай Ленкин рецидивист ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің ерекше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда Ленкин өз кінәсін толық мойындаған жоқ. Ол алғаш рет 1998 жылы, 17 жасында кісі өлтіргені үшін сотталғанын айтты. Мектепті бас бостандығынан айыру орнында аяқтап, 2003 жылдың сәуір айында бостандыққа шыққан.

2003 жылғы 30 мамыр күні ол аудан ішінде таныстарымен, құрбыларымен кездесіп жүргенін, кейде көшеде отырып ішімдік ішкендерін айтты. Түнгі сағат екі шамасында үйіне келіп, музыка қосып, дауысын қатты шығарып қойған. Көршісі учаскелік полиция қызметкерін шақырып, оған ескерту жасалған. Таңертең бір күн бұрын бірге ішімдік ішкен танысына қоңырау шалғанда, сол маңнан буындырып өлтірілген қыздың мәйіті табылғанын естіген.

Осы оқиғаға байланысты полиция Николайдың бүкіл ортасын тергеген, бірақ ол кезде барлығын босатып жіберген. Ал 2004 жылдың басында Ленкин қарақшылық жасағаны үшін қайта ұсталған.

Н. Ленкиннің тергеу кезіндегі жауабы:

«…Соққыға жығу, азаптау басталды. Алдымен полиция мені танысым П.-мен бірге кісі өлтірді деп мойындауды талап етті. Кейін П.-ның алибиі бар екені анықталды. Сосын “жалғыз өзің істедің” деп жаз деп мәжбүрледі. Мен бас тарттым, өз-өзіме қол жұмсауға да тырыстым. Бірақ ақыры мойындау көрсетулерін беруге мәжбүр болдым. Тергеу экспериментінен бір күн бұрын полиция қызметкерлері мені қылмыс орнына апарып, мәйіттің жатқан жерін және қылқындырып өлтіргенімді ғана көрсетсең болды, қалғанын ойдан құрастырасың деді».

Кейін Ленкин басқа қылмыс үшін сотталып, бұл іс уақытша жабылған. Одан кейін оның соттылықтары бірінен соң бірі жалғаса берген. Ұзақ мерзімге бас бостандығына айырылған кезінде колонияға полиция қызметкерлері келіп, осы іс бойынша да бірнеше рет сұрақ-жауап алған, бірақ кейін бәрі қайтадан тынышталған.

2024 жылы полиция қызметкерлері келіп, істі ескіру мерзімі бойынша жабу үшін «өз еркімен мойындау» қажет екенін айтқан. Ленкинге қайтыс болған анасының зиратына апарамыз деп уәде берген. Ол үнемі тергеуге шақырыла бергеннен шаршағандықтан және зиратқа бару үшін мойындау жазған. 2024 жылғы 11 ақпанда оны Қостанайға әкеліп, конвоймен зиратқа апарған. Алайда анасының қабіріне гүл қоюға рұқсат бермеген. Кейін ол тергеушілер айтқанның бәрін орындаған.

Сонымен қатар Ленкин жәбірленуші Оксана Е.-ні мүлде танымайтынын, ешқашан көрмегенін айтқан. Оның айтуынша, түсіне тек өзі шын мәнінде қарым-қатынаста болған Жанна есімді әйел ғана кіреді.

Іс материалдарында жәбірленуші Оксана Е.-нің анасының да көрсетулері келтірілген. Ол марқұмның жалғыз қызы болған.

«Айыпталушыны бұрын көрмегенмін, танымағанмын. Бірақ бір күні полиция қылмыс орнына ұсталған адамды әкелді. Ол — Ленкин еді. Қызды үйінің жанында өлтірген. Сол себепті мен де, жетім қалған екі жасөспірім немерем де сыртқа жүгіріп шықтық. Үлкен немерем Ленкинге: “Не істедің?” деп айқайлады. Ол болса: “Ал сен мен оны өлтіріп жатқанда қайда болдың?” деп жауап берді. Мен оны қарғадым, ал ол маған ортаңғы саусағын көрсетті», — делінген іс материалдарында.

Жәбірленушінің анасы соттан айыпталушыны қатаң жазалауды сұраған.

Николай Ленкинге қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.

Енді тек бір ғана сұрақ ашық күйінде қалды: бұл кісі өлтіруді ашу үшін неге 22 жыл қажет болды?