24 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Ливияның тәуелсіздік күні. 1951 жылы бұл күні Ливия король Ыдырыс І-нің басқаруымен конституциялық монархия ретінде тәуелсіздігін жариялады. Ол БҰҰ шешімімен тәуелсіздік алған алғашқы ел болды, сондай-ақ Африка құрлығындағы алғашқы тәуелсіз мемлекеттердің бірі.

Албания Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні (1924). Бұл ел 1912 жылғы қыркүйектің 28-де тәуелсіздігін алды. 1946 жылғы қаңтардың 11-де Албания халықтық республика болып жарияланды. 1976 жылғы Конституцияға сәйкес, Албания Халықтық Социалистік Республика деп атын өзгертті. Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 21-де орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

69 жыл бұрын (1944) Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында алғаш рет «Абай» операсы қойылды. Либреттосы - М.Әуезовтікі, музыкасы - А.Жұбанов пен Л.Хамидидікі, режиссері - Қ.Жандарбеков. Либреттоға ақын өміріндегі драмалық оқиға арқау болған. Музыкалық шешімінің әуезділігі, халықтың ән мұрасымен ете байланыс, кәсіби опера өнерінің жетістіктерін ұлттық операда тиімді пайдалану шығарманың табысы болып саналады. Операға Абай әндері сәтті енгізілген. Ақын бейнесін ашуға  философиялық мазмұны терең «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қай талқы» секілді әндер алынған.

15 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасының «Отбасы және неке туралы» Заңы жарияланды.

11 жыл бұрын (2002) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Пекин университетінің құрметті докторы ғылыми атағы берілді.

14 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы С.А.Терещенко мен Армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Э.А.Тер-Погосян Бейбітшілік және рухани келісім президенттік сыйлығының лауреаты атанды.

9 жыл бұрын (2004) Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 кв.м. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.

8 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазцинк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Геннадий Зильберберг қазақстан өндірісінің дамуына өз үлесін қосқаны үшін екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

6 жыл бұрын (2007) Алматыда бірінші «Құлагер» атты ұлттық кинематография сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан кинематографистер одағы. Оның негізгі мақсаты - Қазақстандағы кинематография саласын дамыту және осы салада жүрген азаматтарға қолдау көрсету.
«Құлагер» аталымы бойынша «Үздік ер адам рөлі» үшін Нұржұман Ықтымбаев, «Үздік операторлық рөлі үшін» Борис Трошев, «Үздік дебютті фильмі үшін» Абай Құлбаев, «Үздік деректі фильмі үшін» Әсия Байқожина, «Үздік анимациялық фильмі үшін» Рамиль Усманов, «Кинотану және кино сыны жұмысы үшін» Гүлнар Әбікеева, «Үздік продюсерлік жоба үшін» Ақан Сартаев марапатталды.

4 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы №2-ші қалалық аурухананың ашылу салтанатына қатысты.
Бұл көпсалалы стационар 360 орынға арналған. Оның 205-і хирургиялық, ал 155-і терапевтік сала бойынша. Стационардың негізгі мақсаты - кешенді мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Аурухананың құрылымында 28 емдеу-диагностикалық бөлімдер жасақталған. Мұнда терапевтік, кардиологиялық, ревматологиялық, неврологиялық ауруға шалдыққан адамдар жатқызылады.

4 жыл бұрын (2009) Ақтауда Иран Ислам Республикасының елшілігі ашылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Иран сыртқы істер министрі Фарахи Хоссейн қатысты.
Бұл елшіліктің ашылуы екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға, сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді.

4 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Панфилов ауданындағы Головацкий атындағы кентте «Тәуелсіздік тұғыры» ескерткішінің ашылу рәсімі болып өтті.
Монумент авторлары - сәулетші Талғат Жортанов пен танымал мүсінші Павел Шорохов.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1928-2001) драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері МҰХАМЕДЖАНОВ Қалтай дүниеге келді.
Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының театртану факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, Жазушылар одағында істеген. 1970-1999 жылдары Кинематография жөніндегі  мемлекеттік комитеттің  бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші хатшысы, Кинематографистер одағы басқармасының 1-ші хатшысы, «Ара-Шмель» журналының,  «Түркістан», «Заман  Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болған. Мұхамеджановтың шығармашылық жолы  сахна өнері жайлы проблемалық, шолу мақалалар мен спектакльдер  туралы рецензия жазудан басталды. Тұңғыш пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» 1959 жылы жарық көрді. Осыдан кейін өмірдегі келеңсіздікті шынайы көрсеткен «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын»,  «Жат елде», «Өзіме де сол керек»,  «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматовпен бірге), «Біз періште емеспіз» атты пьесалары жарияланды. «Сиқырлы шымылдық», «Дар доброты» жинақтары жарық көрді. Мұхамеджанов - комедия жанрының  шебері, оның пьесаларындағы күлкі ауызекі тіл пародиясы арқылы жасалған. Ол драмалық шығармаларында диалогты, диалогтың даралану заңдылықтарын, диалогтар даралығы  бәсекелестігін шебер пайдаланды. Оның комедиялық және драмалық туындыларының қай-қайсысында да қазақ қоғамында рухани дерттің белең ала бастауы кеңінен қамтылып, қазақ халқының Кеңес дәуіріндегі алмағайып тағдыры, ұлы тұлғалардың трагедиялық бейнесі  айқын  көрініс тапты.  Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде күрескерлік қабілетімен, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке  тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары  көптеген  шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды. Ол «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Көркем аударма саласында  «Құлдар» (С.Айни), «Киелі қан» (Айбек) романдарын, «Тоғышарлар» (М.Горкий), «Жүрек сырлары» ( Б.Рахмонов),  «Ауру тістер» (А.Қаһар), «Ана-Жер-Ана», «Арманым», «Ақ кеме» (Ш.Айтматов) пьеса, повестерін тәржімалаған. Шығыс классиктері әдебиетінің «Мың бір түн» хикаяларын орыс тілінен аударып, 5 томдығын шығарды. 1998 жылы қаламгердің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

74 жыл бұрын (1939-1999) ақын ОРАЗАЕВ Свет дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Аудандық және облыстық газет редакцияларының, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының, Жезқазған облысы Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» газетінің қызметкері болған. Өлеңдері бірнеше рет ұжымдық жинақтарға енген. «Дала дауысы», «Шырқау биік», «Өлеңім - өзім» атты жыр жинақтарының авторы.

103 жыл бұрын (1910-1982) даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОМЫШҰЛЫ Бауыржан дүниеге келді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.
Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат»атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген.
Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерей тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, оның туған жерінде үстіміздегі жылдың 24-25 қыркүйек күндері аталып өтті. 24 қыркүйекте Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.
2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың «Көгілдір» залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценариін жазған - Елшат Ескендір.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

93 жыл
бұрын (1920-1984) фтизиатр-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қызметкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ТЕРЛІКБАЕВ Әйкен Ахатұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Қазақ медицина институтын бітірген.
1963-1982 жылдары - Қазақ туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1983-1984 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры.
Негізгі ғылыми еңбектері туберкулез клиникасы мен эпидемиологиясына арналған. Қазақстанда туберкулезден арылу тарихымен шұғылданып, өкпе туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу, басқа өкпе ауруларынан ажырату әдістерін ұсынып, өкпенін зақымданған бөліктерін алып тастау салдарынан пайда болатын асқынулар мен қайталауларға сипаттама берді.
Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1953) «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас редакторы АУПБАЕВ Жанболат Әлиханұлы дүниеге келі.
ҚХР-дың ШҰАӨ-де туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген.1974-1986 жылдары - «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1991-1996 жылдары - «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1998 жылдары - «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары.  Қазіргі қызметінде - 2003 жылдан бері.
Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбен жарияланып келеді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. 

57 жыл бұрын (1956) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының көлік инфрақұрылымы жөніндегі орынбасары ШМАНОВ Нұртас Нұрибекұлы дүниеге келді.
Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған. Уфа мұнай институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы  жанындағы Нарық институтын бітірген. 1979-1992 жылдары Атырау, Ақтөбе облыстарында мұнай-газ кәсіпорындарында мамандығы бойынша әртүрлі қызметтер атқарды.  1992-1994 жылдары Массачусет университетінің тыңдаушысы, «Chevron» компаниясында тәлімгер. 1994 жылдан - «ШевронМұнайГаз» компаниясында техникалық менеджер, тасымал жөніндегі менеджер, көлік жобаларының менеджері, коммерциялық менеджер. 2006 жылдан - «КТК-Р» ЖАҚ бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары. 2007 жылдан - «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры. 2009 жылдың қаңтарынан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ТШО және Дунга бойынша басқарушы директоры. 2009 жылдың маусымынан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма мүшесі - мұнай тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры.

Қазіргі қызметінде - 2012 жылдың ақпан айынан бері. «Астананың» 10 жылдығы» медалімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1938) Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары ГЕРОЕВ Салман Сайдарұлы дүниеге келді.

Шешен-Ингуш АКСР-ында (Ресей) туған.Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.

1957-1964 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Калинин аудандық комитетінің нұсқаушысы, Ақмола облыстық комитетінің нұсқаушысы, Целинный өлкелік комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, Вишнев аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1964-1968 жылдары - Вячеслав гидроторабы құрылысы бастығының орынбасары. 1968-1974 жылдары - «Целингидрострой» құрылыс басқармасы бастығының орынбасары. 1974-1983 жылдары - Целиноград облысы құрылысшылары партия комитетінің хатшысы. 1983-1987 жылдары - «Целиноградтяжстрой» тресі партия комитетінің хатшысы. 1987-1999 жылдары - «Ақмолаагрострой» бірлестігі бастығының орынбасары - «Агростройкомплект» өндірістік басқармасының бастығы.1999-2008 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының атқарушы директоры, төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2009 жылғы желтоқсаннан бері.

42 жыл бұрын (1971) р»Астана» радиосының директоры ҚАРАКӨЗОВА Гүлмира Әлібекқызы дүниеге келді.

Қорған қаласында (Ресей) туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

«Қайтарылған есімдер» арнайы репортаждар сериясының, «Қазақстан» ҰТК-ында «Паритет» тікелей эфир телевизииялық жобасының, «Астана» радиосындағы «Жұлдызды Астана» жобасының, Астананың 10 жылдығына арналған «Басты қалалар» тележобасының авторы.

1993 жылдан - Торғай облыстық телевизиясында жастар бағдарламаларының редакторы. 1977 жылдан бастап - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында - тілші, 1999 жылдан - редактор, 2001 жылдан - ақпараттық талдау бағдарламалары дирекциясының бас редакторы. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан беріә.

«Астана» (2008) медалімен, ҚР Президентінің алғысхатымен марапатталған, «Мәдениет қайраткері», «Іскер» республикалық конкурсының «Масс-медиа саласындағы іскер адам» аталымында лауреат.

52 жыл бұрын (1961) Әзербайжан Республикасының Президенті ӘЛИЕВ Ильхам Гейдар оглы дүниеге келді.
79 жыл бұрын (1934) Хорватияның 2000-2010 жылдардағы президенті  Степан МЕСИЧ дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1946-2003) кеңестік және ресейлік актер, режиссер, ақын, публицист, Ресей халық әртісі ФИЛАТОВ Леонид Алексеевич дүниеге келді.

108 жыл бұрын (1905-1976) американдық кәсіпкер, әлемдегі тұңғыш ресми миллиардер, американдық өнеркәсіпші-кәсіпкер, инженер, американдық авиация жаңашылы, режиссер, продюсер, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Говард ХЬЮЗ (кіші) дүниеге келді.