Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қарашаның басында жауын-шашын жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде болады деп күтіледі. Республиканың оңтүстігінде көбінесе жаңбыр жауады. Атмосфералық фронттармен байланысты ең күшті жауын-шашын еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында көктайғақ құбылыстарымен және желдің 15-28 м/с дейін күшеюімен бірге күтіледі. Жекеленген аудандарда көктайғақ болуы мүмкін.
Қарашаның алғашқы күндерінде ел аумағы бойынша ауа температурасы түнде -5+5°С, күндіз +1+9°С, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күндіз +10+18°С шамасында болады.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап батыс өңірлерде, онкүндіктің соңында республиканың қалған аумағында да жауын-шашын тоқтайды. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында түнде -3-13°С-қа дейін, күндіз -5+2°С-қа дейін, оңтүстік жартысында түнде -5+2°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін төмендейді.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағында Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі келіп, тұрақсыз ауа райы болжанады. Ауа температурасы:
- солтүстік жартысында түнде -17-25°С-қа дейін, күндіз -5-12°С-қа дейін;
- оңтүстік жартысында түнде -10-17°С-қа дейін, күндіз -3-10°С-қа дейін төмендейді.
Алайда Қазақстан аумағына Атлантика мен Иран аумағынан ауа массалары түсетін жылы күндердің де болуы күтіледі.