Бейсенбі, 25-ақпаннан бастап қоғамдық көліктерге арналған айлық жол жүру билеттері сатылымға түседі. бұл туралы қала басшысы Бауыржан Байбек хабарлады.
«Наурыздың бірінен бастап жол жүру билеттері қолданысқа енеді. Оқушылардың айлық жол жүру билеті 1000 теңге, зейнеткерлер мен көп балалы аналарға арналған жол жүру билеттері 2000 теңге, студенттік жол жүру билеті 3000 теңге тұрады. (...) Жалпы жол жүру билеті 7200 теңге», - деді Б.Байбек сәрсенбі күні Алматы тұрғындарына есеп беру кездесуінде.
«Билеттер ертеңнен бастап сатыла бастауы тиіс», - деп қосты ол.
Әкімнің айтуынша, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ, І және ІІ топ мүгедектері қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Б.Байбектің сөзіне қарағанда, өткен жылдың соңында енгізілген «Оңай» жүйесінің кемшіліктері баршылық. Қала басшысының айтуынша, жолаушылар картаға ақша салатын нүктелердің аздығы мен бір реттік төлем жасау мүмкіндігінің жоқтығын айтып шағымданған.
«Алдағы уақытта барлық қоғамдық көліктерге терминалдар орнату қажет. (...) Сәуір айына дейін бір реттік электронды билет кесу жүйесін енгізуіміз керек», - деді әкім.