27 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Теңіз жаяу әскерлері күні. Ресейде І Петр патшаның тұңғыш «теңіз солдаттары полкын» (1705 ж.) құру туралы жарлығын есте қалдыру мақсатымен 1995 жылғы 19 қарашада РФ Әскери-теңіз флоты Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес атап өтіледі.

Ресей бағалаушысы күні. 1996 жылғы Ресей Федерациясы Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің Қаулысымен «Бағалаушы» (мүлікті бағалау жөніндегі сарапшы) қызметі бойынша кәсіптік сипаттама бекітілген күннен бастап атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

49 жыл бұрын (1963) ұлы жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылымы-мәдени мекеме ретінде «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ашылған. Орталық 1951-1961 жылдары Алматыда жазушының өзі тұрған Төлебаев көшесіндегі 155-ші үйде орналасқан. Орталық негізінен, үш бағытта жұмыс жүргізеді: Бірінші бағыты - жазушының өмірі мен шығармашылығы мұрасын жинақтау, оны ғылыми жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау. Екінші бағыты - мұражайдағы қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам мұрағаттар, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, мұрағаттардан жинаған құнды деректер, жеке басы құжаттары, т.б. бар. Үшінші бағыты - М.Әуезовтің азаматтық, шығармашылық құқығын қорғау.

20 жыл бұрын (1992) Алматы облысының Жамбыл ауданында Қарасай батыр атындағы қор мен тарихи-этнографиялық қоғам құрылды.

20 жыл бұрын (1992) Алматы облысының Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында ақын Мұқағали Мақатаевтың мұражайы ашылды.

8 жыл бұрын (2004) Таразда әйелдердің қоғамдық іс-шараларға қатысуы жөніндегі «Демократия іс жүзінде» халықаралық жобаның таныстырылымы өтті. Ұйымдастырушылар - АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Қазақстан қоғамдық бірлестігі, ЕҚЫҰ Демократия және адам құқықтары жөніндегі бюросы. Жобаны жүзеге асырудағы мақсат - тұрғындарды жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерісіне тарту, жергілікті өкілетті органдар жанындағы қоғамдық комитеттердегі әйелдер рөлін күшейту.

3 жыл бұрын (2006) Ақтауда «Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы мен мүмкіндіктері» тақырыбында тұңғыш Каспий инвестициялық форумы болып өтті. Форумда әлемнің тоғыз елінен ірі еуропалық және азиялық қаржы институттарының топ-менеджерлері, жетекші рейтингілік агенттіктердің, инвестициялық қорлардың, құрылыс-инженерлік компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстаннан, ТМД елдерінен және алыс шетелдерден жүзден астам компаниялар болды.

4 жыл бұрын (2008) Павлодардағы ғалым Федор Бойко (1920-2007) тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылды.

Ф. Бойко - қаладағы тұңғыш электр стансасының құрылысы басшыларының бірі, кейіннен осында ашылған Павлодар индустриалдық институтының ректоры болып тағайындалған. Ғалым 25 техника ғылымдарының кандидатын, 3 ғылым докторын, бүгінде облыстың кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген жүздеген мамандар тәрбиелеп шығарған. Оның техника саласында ойлап тапқан жаңалықтары мен патенттері Қазақстан мен Ресейде кеңінен қолданылады.

5 жыл бұрын (2007) Парижде Қазақстанның Халықаралық сот орындаушылары одағына (ХСОО) орайластырылған мүше ретінде кіру рәсімі өтті.

ХСОО - сот шешімдерін мәжбүрлеп орындатумен айналысатын кәсібилердің халықаралық бірлестігі. Одақ Еуродағының, Гаага конвенциясының, БҰҰ комитетінің мүшесі, оның қатарында әлемдегі 60-тан астам елдің өкілдері бар. Одақтың басты міндеті ? барлық елдердің сот орындаушылары арасында тәжірибе алмасу және кәсіби байланысты нығайту, сондай-ақ сот орындаушысы мәртебесінің мәнділігіне мемлекеттік органдардың назарын аудару.

5 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар заңдарға қол қойды.

Олардың біріншісі - «2008-2010 жылдарға арналған Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық мәні бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы» Заң республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы қарым-қатынастарды реттейді. Екінші заңмен тауарларды импорттау үшін кеден рәсімдерін жеңілдететін Қазақстан Республикасының Кедендік кодексіне өзгертулер енгізілді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық арасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Ықпалдастық комитетінің Қазақстан Республикасының аумағында болу шарттары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойылды.

3 жыл бұрын (2009) Алматыда жылу энергиясының орталық транзитті-бөлу нүктесі ашылды. Бұл нүкте Алматы қаласының 2005-2015 жылдарғы энергия кешенін дамыту негізінде ашылып отыр. Ол сонымен қатар бүгінгі күнннің талабына сай жұмыс істейтін болады. Ғимарат мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция арқылы салынды. Бұл жылу нүктесі қаладағы жылу энергиясын реттеумен қатар, «Орбита» қазандығының жұмысын жақсартып, қаланың оңтүстік бөлігін жылумен еш кідіріссіз қамтамасыз ететін болады.

3 жыл бұрын (2009) Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ISESCO) Алматы қаласын - 2015 жылғы Ислам мәдениетінің қаласы деп атауға шешім қабылдады. Бұл жөнінде ISESCO-тің бас директоры Абдель Азиз Ат-Туэйджри Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Бақтияр Тасымовтың кездесуінде хабарлаған. Кездесу Альянс топтарын цивилизациялаудың 3-ші жұмыстары аясында Рабат (Марокко) қаласында өткен.

ЕСІМДЕР

48 жыл бұрын (1964) филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ Шерубай дүниеге келді.

Алматы облысы Нарынқол ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1991-1996 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы. 1996-2005 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 2005-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдер жөніндегі комитетінің төрағасы. 2009-2011 жылдары А.Бвйтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры. 2011-2012 жылдары - ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы сәуірден бері.

Медальдармен марапатталған.

1 монография мен 60-тан аса ғылыми басылымдардың авторы.

62 жыл бұрын (1950) ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары академиясының академигі БҰСЫРМАНОВ Жұмабек Дүйсешұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Ертіс ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1976-1978 және 1983-1992 жылдары - Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, доценті, проректоры. 1978-1983 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аспиранты. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппараты саяси талдау бөлімінің кеңесшісі. 1994-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия хатшылығының хатшысы, меңгерушісі. 1998-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарған. 2002 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің мемлекет теориясы, тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің деканы, Заң факультетінің мемлекет теориясы, тарих және құқық, конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары - ҚР Әділет министрлігінің Заңнама институтының директоры.

Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы сәуірден бері.

80-нен астам ғылыми еңбегі бар.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» медалдарымен марапатталған. 2009 жылғы «Ең үздік доцент» байқауының жеңімпазы, «Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері» төсбелгісінің иегері.

59 жыл бұрын (1953) Қарағанды облысындағы Абай ауданының әкімі НАШАРОВ Еркебұлан Ертихалұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысы Володарский ауданында туған, Алматы зооветеринариялық институтын зооинженер мамандығы бойынша бітірген. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Бұқар жырау ауданында бас зоотехник, кеңшар директоры болды. Облыстық, Бұқар жырау аудандық мәслихаттарының депутаты болып сайланды. 2006-2010 жылдары Бұқар жырау ауданының әкімі болды. «2010 жылдың тамызында Абай ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Құрмет» орденімен марапатталған.

311 жыл бұрын (1701-1744) швед астрономы және метеоролог Андерс ЦЕЛЬСИЙ дүниеге келді. Оның есімімен температура бағаны аталған.

138 жыл бұрын (1874-1952) көрнекті химик, саясаткер, Израиль мемлекетінің тұңғыш президенті Хаим Ацриэл ВЕЙЦМАН дүниеге келді.

118 жыл бұрын (1894-1989) жапон кәсіпкері, Matsushita Electric Industrial (Panasonic) корпорациясының негізін қалаушы Коносукэ МАЦУСИТА дүниеге келді.

72 жыл бұрын (1940-1973) шығыс жекпе-жегінің шебері, американдық және гонконгтік киноактер Брюс ЛИ (шын аты-жөні - Ли Чжэньфань) дүниеге келді.

65 жыл бұрын (1947) Джибутидің (Африка) саяси және мемлекет қайраткері, елдің екінші президенті Исмаил Омар ГЕЛЛЕ дүниеге келді.