28 мыңнан астам оқушы Mansap Kompasy платформасында кәсіби бағдар тестінен өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тест халықаралық деңгейде мойындалған әдістемелерге негізделген. Оның нәтижесінде жүйе оқушыларға жеке кәсіби ұсыныстар жасап, болашақ мамандықтар мен қажетті дағдылар туралы толық ақпарат ұсынады.

Платформада экономиканың 16 бағыты бойынша 730-дан астам сұранысқа ие мамандық туралы мәлімет бар. Әр мамандық сипаттамасында негізгі дағдылар, еңбек нарығындағы бос орындар, жалақы деңгейі және сол салаға дайындайтын оқу орындарының тізімі көрсетілген.

Mansap Kompasy Skills Enbek жүйесімен біріктірілген. Бұл мүмкіндік пайдаланушыларға өз құзыреттерін дамытуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған онлайн-курстарды таңдауға жол ашады.

Жыл соңына дейін платформа 100 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр.

Қазақстанның болашақ кәсіби әлеуеті мектеп қабырғасынан басталады. Mansap Kompasy жас ұрпаққа өз жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берсе, мемлекетке кадр даярлау саясатын тиімді жоспарлауға жәрдемдеседі, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Ернат Жүнісов.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ тарапынан, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.