Әзірбайжан ұлттық қауіпсіздік органдары қзметкерлері күні.
Саксон фарфоры күні
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1997) ТМД-ға қатысушы мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен арнайы қызмет және қауіпсіздік органдары іс-қимылдарын үйлестіру және өзара әрекеттесу мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің арнайы қызмет және қауіпсіздік органдары басшыларының кеңесі құрылды. Аталмыш кеңеске Әзербайжан, Армения, Беларус, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдава, Ресей, Тәжікстан және Украина мемлекеттерінің арнайы қызмет басшылары мүше. Кеңес жұмысына бақылаушы ретінде Түрікменстан мен Өзбекстанның өкілдері қатысады.
9 жыл бұрын (2003) құны $160 млн., ұзындығы 448,8 шақырым және бастапқы жылдық қуаты 6 млн. тонна «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының бірінші кезеңі ресми ашылды. Акциясының 51% «ҚазМұнайГаз» компаниясына, ал 49% - CNPC компаниясына тиесілі.
5 жыл бұрын (2007) Петропавлда «Мағжан» әдеби-көркем журналының бірінші саны жарық көрді. Аталмыш бұқаралық басылымда ақынның түрлі жанрдағы қазақ және орыс тіліндегі туындылары жарияланған. Жаңа басылымның басты мақсаты - қазақ поэзиясының дамуына қомақты үлес қосқан, азаматтық пен отансүйгіштіктің үздік қасиеттерін көрсете білген қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын көпшілікке паш ету. Журналдың алғашқы нөмірінде Мағжанның туындылары, ақынға арналған өлеңдер мен эсселер жария етілген.
18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Мәскеуге алғашқы ресми сапармен барды. Кремльде Қазақстан - Ресей келіссөзінің қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, әскери және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық бойынша 23 құжатқа қол қойылды.
15 жыл бұрын (1997) Мәскеуде өткен ТМД басшылары кездесуінде мемлекет басшылары «Тәжік-ауған мемлекеттік шекарасы аймағындағы жағдайды реттеу жөніндегі 1993 жылғы 22 наурыздағы ТМД мемлекеттерінің шешімін ұзарту туралы», «ТМД мемлекеттерінің қазіргі сыртқы шекараларын сақтау және реттеу принциптері туралы декларация», «ТМД елдері Қауіпсіздік және арнайы қызмет органдары басшыларының кеңесін құру туралы» және тағы да басқа құжаттарға қол қойылды.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда «Абылайхан» жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа кәсiби спорт клубы бокс жаттығуларына, таэквондо және шығыс жекпе-жектерiне, каратэ, кунг-фу, дзюдо, айкидо, күрес, самбоға арналған, әйелдер және балаларға арналған, фитнес, йога жаттығуларын жүргiзуге, пилатес, шығыс билері, бала гимнастикасы, аэробика бағдарламаларына арналған залдардан тұрады.
6 жыл бұрын (2006) Павлодарда Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғайтын және қолдайтын қайырымдылық қоры және тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғам құрылды.
Жаңа ұйымның ұйымдастырушысы - он қоғамдық бірлестік және партиялар. Қор мүгедектерге, жалғыз басты аналарға, тұрмысы төмен адамдарға және де құқықтарына қысым жасалған қала тұрғындарына да заңды және материальды тұрғыдан көмек көрсетеді.
4 жыл бұрын (2008) Семейдің №16 орта мектебінде аймақтағы бірінші математика ғылымдарының докторы Тілеубай Амановтың мұражайы салтанатты түрде ашылды, сонымен қатар профессордың 85-жылдығына арналған мемориальдық тақта орнатылды.
Тілебай Аманов Қазақ КСР Ғылым Академиясының Математика және механика институтында бірінші болып функция ілімі бойынша ғылыми бөлімшені ұйымдастырып және математиканың осы ілімі бойынша зертхананы құрастырды. Ғалым 1923 жылдың тамызында Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Семей қаласындағы педагогика институтының математика кафедрасын көа жылдар бойы басқарды.
ЕСІМДЕР
89 жыл бұрын (1923-2004) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері БАСИН Юрий Григорьевич дүниеге келді.
Украинада туған. Алматы заң институтын бітірген. 1950 жылдан Алматы заң мектебінде дәріс берген. 1952-1992 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, доценті, профессоры, азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы. 1992-2004 жылдары «Әділет» жоғары құқық мектебін құрушылардың бірі, профессоры болған. Ғалым Қазақ КСР Азаматтық құқығының авторларының бірі. Оның 300-ден астам ғылыми жарияланымы жарық көрген.
«Қызыл Жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
144 жыл бұрын (1868-1936) орыс жазушысы, драматург ГОРЬКИЙ Максим (шын аты-жөні Пешков Алексей Максимович) дүниеге келді.
Ресейде туған. Ол өз бетінше оқып білім алған. 1888-1889 және 1891-1892 жылдары Ресекйді жаяу аралап халық тұрмысымен жақын танысқан. 1892 жылы «Макар Чудра» атты алғашқы әңгімесін жариялаған. «Очерктер мен әңгімелер» деп аталатын тұңғыш шығармалар жинағы 1899 жылы жарық көрген. «Изергиль кемпір», «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр» атты романтикалық сарындағы шығармалары оның суреткерлік қарымын танытты. Оның қаламынан туған «Ана», «Артамоновтар ісі», «Клим Самгиннің өмірі» романдары, «Менің университеттерім» повесі, «Егор Булычев және басқалар», «Васса Железнова» пьесалары және басқа да шығармалары дүниежүзіне кең тараған. Ол «Әлем әдебиеті» баспасын ұйымдастыруға, Кеңес одағы жазушыларының 1-ші съезін өткізуге, ұлттық әдеби мұраларды жинауға, ұлт зиялыларына қамқорлық жасауға ұйытқы болды.
63 жыл бұрын (1949) тарих ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері САРИЕВА Ырысты Халесқызы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Орал педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Плеханов атындағы Ресей экономика академиясының менеджерлер даярлау курсын бітірген. 1974-1997 жылдары Торғай облысының партия және кеңес органдарында, Қазақстан Президентінің аппаратында, Торғай облысының әкімшілігінде әр түрлі қызметтер атқарды. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатының директоры. 2000-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті бастығының орынбасары, Мұрағаттарды басқару комитетінің төрайымы қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры болып қызмет атқарды.
Оның «Текті Торғай» атты кітабы, тарих пен мәдениет мәселелеріне арналған 100-ден аса мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ ол анықтамалық сипаттағы басылымдар мен терминдер сөздігін әзірлеуге қатысқан.
48 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы, философия ғылымының кандидаты ДОСЖАН Ардақ Дүкенбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. А.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. «Ленинская смена» газеті бас редакторының орынбасары, «Экспресс К» газетінің бас директоры, «Панорама» газеті директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жетекшісінің орынбасары, «Хабар» агенттігі» жабық акционерлік қоғамының бөлім бастығы, Ақпараттық бағдарламалар директоры. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ақпарат вице-министрі, Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.
152 жыл бұрын (1860-1924) халық ақыны, әнші-композитор, қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы МӘДИ Бәпиұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарды. Бұдан басқа Мәдидің «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері де жан сезімін, көңіл күйлерін бейнелейтін шабытты шығармалар. Бұл әндердің біразы кейінгі «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» атты қазақ операларында пайдаланылды.
Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады.
Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған.
Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев «Найзағай», Әйіп Бектасов «Мәди» атты кітаптарында жазды.
42 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Заң департаментінің бастығы БИМЕНДИН Нұржан Дастенұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті Әскери қылмысты ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2009 жылдан.