«28 панфиловшылар қиялдан туған аңыз»: Журналистер Алматыдағы бақты «Қаһармандар саябағы» деп атауды ұсынды

Бұл туралы Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Тəуелсіз журналистер клубына сілтеме жасап хабарлайды.
 

Алматы қаласы әкімі Б.Байбекке,
Алматы қалалық мәслихатына!

Уақытпен бірге құндылықтардың өзгеруі де заңды. Ақпарат құралдарында Екінші Дүниежүзілік соғыста Алматыда жасақталып, Мәскеу жанындағы Дубосеково түбінде шайқасқан панфиловшылар жайында жарты ғасыр жырлап келген дастанымыз жалған болып шықты. 1942 жылы ең алғаш рет панфиловшылар туралы «Красная звезда» газетінің тілшілері Коротеев пен Кривицкий дегендер жазған екен. Кейін, Эмиль Карпдин 1966 жылы архивтегі құпиялар алынған соң, әскери прокуратураның зерттеу материалдарына сүйене отырып, «Новый мир» журналына «Аңыздар мен мифтер» атты мақала жазады. 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково түбінде 28 панфиловшылардың болмағанын, ол жердегі шайқаста 2-батальонның 4-ротасы соғысқанын анықтайды. Яғни, бұл шайқаста журналистер мен әдебиетшілер айтқандай 28 адам емес, басқа батальонның 100-ден астам сарбазының шайқасып, қаза тапқанын жазады. 1977 жылы Никита Петров пен Ольга Эдельман деген тарихшылар «Новый мир» журналына анықтама-баяндаманың толық нұсқасын жариялайды. Оның қорытындысы мынадай еді: «Зерттеу материалдары баспасөзде жарияланған 28 гвардияшыл-панфиловшылардың ерлігі «Красная звезда» газетінің тілшісі Коротеевтің, «Красная звезда» редакторы Ортенбергті, әсіресе газеттің әдеби хатшысы Кривицкийдің ойдан шығарған әңгімесі болып шықты. Бұл ойдан құралған аңыз кейін Тихоновтың, Ставскийдің, Бектің, Кузнецовтың, Липконың, Светлов пен басқа да жазушылардың шығармаларында қайталанып, Сәвет Одағы халықтары арасында кеңінен насихатталды». Сол шайқаста «қаза тапты» деген куәгердің бірнешеуі аман-есен табылып, біреуі Германияда өмір сүріп жатса, екінші біреуі Дубосеково түбіндегі шайқасқа дейін жазалау жасағында болғаны жайлы мәлімдеген.
Бұл оқиғаның расымен ойдан құралған аңыз екенін, кейін, идеологиялық құралға айналғанын бүгінге дейін Ресей журналистері талмай айтып-жазып жүр. Сондықтан, 28 панфиловшыларға қатысты идеологиялық негізге басқаша көзқараспен келгеніміз дұрыс секілді.Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» концепциялық мақаласына орай – саябақтың атауын «Қаһармандар саябағы» деп атауды ұсынамыз. Онда әлгі 28 панфиловшылармен қоса, бүгінгі Қазақ елінің бостандығы мен азаттығы үшін жанын қиған, ерлік жасаған күллі қаһармандарымыз енуі тиіс. Мысалы, біз бұл саябаққа Тоныкөк, Елтеріс қаған, Қабанбай мен Бөгенбай, тіпті, тарихқа одан да тереңдесек – Тұмар патшайым мен Шираққа да ескерткіш орнатып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін, солар тағзым жасайтын көрнекі орынға айналдырсақ деген ойдамыз.

Тәуелсіз журналистер клубы