№5 ғылыми-зерттеу сынақ полигонын құру туралы КСРО Министрлер кеңесінің қаулысы 1955-жылы шыққан болатын. Кейіннен бұл полигон Байқоңыр ғарыш айлағы деген атауға ие болды. Өткен 48 жылда Байқоңыр дүниежүзіндегі ең ірі ғарыш айлақтарының біріне айналды. Қазір ғарыш айлағының жер көлемі 7 мың шаршы шақырымды құрайды. Ғарыш айлағының жердегі инфрақұрылымына 9 ұшу кешені, ғарыш аппараттары, зымыран тасығыштар мен ғарыш кемелеріне от алдыру блоктарын құрастыруға және сынауға арналған 11 монтаждық-сынақ корпусы, ғарыш аппараттары мен блоктарын жанармай және көгілдір отынмен қамтамасыз етуге арналған 3 жанармай станциясы, 2 аэродромы және өлшеу кешені бар.
1994-жылдың 28-наурызында Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған "Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың басты принциптері мен шарттары туралы " Келісімге сәйкес ғарыш айлағы Ресейге жалға берілді. Қазір Ресей ұшыратын ғарыш аппараттарының 70 проценті Байқоңырдан аспан кеңістігіне жол тартады. Пилотты зымырандарды ұшыру және жер орбитасына геостанциялық ғарыш аппараттарын шығару жұмыстары толықтай Байқоңырда жүзеге асырылады. Ғарыш айлағының ірге- тасы қаланғаннан бері одан 1200-ден астам ғарыш кемесі сапар шегіпті.