3,6 млн теңгеге дейін жалақы: Ең жоғары айлық алатын мамандықтар белгілі болды 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2026 жылдың ақпан айындағы Enbek.kz деректері еңбек нарығындағы «миллионер» мамандықтардың тізімін жаңартты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы ақпанда электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 99 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме орналастырған.

Қаңтар айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға (-3,7 мың) азайды, ал жарияланған түйіндемелер саны бұдан да айтарлықтай – 23,1%-ға (-37,5 мың) қысқарды.

Ақпан айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі инженер-әзірлеуші лауазымында (шамамен 3,6 млн теңге), құрылыс саласындағы жобаның бас технологы (шамамен 2,8 млн теңге), сондай-ақ материалтану технигі (шамамен 2,2 млн теңге) бойынша тіркелді. Жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтілімдері ұшқыштарда (шамамен 3,3 млн теңге), инвестициялық жобалар жөніндегі директорларда (шамамен 2,1 млн теңге), сондай-ақ оқу курстарын әзірлеушілерде (шамамен 2 млн теңге) байқалды, - делінген министрлік хабарламасында. 

Салалық құрылымда сұраныстың ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету секторына тиесілі.

Көш бастап тұрған – білім беру саласы, мұнда 26,9 мың бос жұмыс орны жарияланған.

Сондай-ақ өзге де қызмет түрлеріне – 14,6 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,4 мың, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 мың бос жұмыс орнына елеулі сұраныс байқалады.

Жалпы алғанда, осы бағыттар еңбек күшіне деген сұраныстың негізгі бөлігін қалыптастырады.

Бос жұмыс орындарының біліктілік құрылымында орта біліктілікті талап ететін жұмыс орындары басым – олар барлық вакансиялардың 44,2%-ын құрайды. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының үлесі 34,4% болса, біліктілікті талап етпейтін еңбекке сұраныс 21,4%-ға жетеді, - дейді Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Өңірлік бөліністе ең көп бос жұмыс орны

Павлодар облысында – 8,1 мың,

Астана қаласында – 7,8 мың,

Түркістан облысында – 7,4 мың,

Қарағанды облысында – 6,6 мың

Алматы қаласында – 6,3 мың вакансия тіркелді.

Еңбек ұсынысы жағынан жұмыс іздеуде Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытты: 16,8 мың түйіндеме (13,4%).

Сондай-ақ Астана қаласында – 10,2 мың (8,2%), Алматы облысында – 9,5 мың (7,6%) және Алматы қаласында – 9,2 мың (7,4%) түйіндеме жарияланды.

Жас құрылымында жұмыс іздеушілердің ең белсенді тобы – 35 жасқа дейінгі жастар, олардың үлесіне барлық түйіндеменің 42,3%-ы тиесілі. 35–44 жас аралығындағы үміткерлер – 26,7%, 45–54 жас аралығындағылар – 19,8%, ал 55 жастан асқандар – 11,2%. Гендерлік құрылымда әйелдердің үлесі біршама басым: олар барлық түйіндемелердің 54,6%-ын құрады, ал ерлердің үлесі – 45,4%. Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс іздеушілер арасында орта білімді мамандар барлық түйіндеменің 41%-ын құрады. Жоғары білікті мамандар шамамен 31%-ды құраса, біліктілігі жоқ жұмысшылардың үлесі 28%-ға жетеді, - делінген хабарламада.