Анастасия Шарипова өткен айдың 21-і күні із-түссіз кеткен болатын. Сол уақыттан бері тәртіп сақшыларының тінтпеген жері жоқ. Ауыл іші мен оның төңірегін түгел сүзіп шыққан олар ақыры Анастасияның өлі денесін үйінен 200 метрдей жерден тапты. Талай күннен берітынбай ізденген 90-ға жуық полицей оқиға орнын бірнеше рет басып өткен екен. Ал мүрденің көмілген жерін бұзылған ғимарат арасындағы аяқ киім бойынша анықтап отыр.
Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
- Сот сараптама бойынша бала қаза болған күні сол жоғалған күнімен сәйкес. Және те ол баланы екі жұманың ішінде таба алмағаны – бір метр тереңдікке көмілген. Сондықтан оның ізін иттер де, адамдар да ала алмаған.
14 жастағы жеткіншектің мәйіті бірден сот сараптамасына жіберілген. Алғашқы қорытындысы да дайын. Оған сәйкес, Анастасияны алдымен зорлаған. Қаскөй арам ойын іске асырған соң оқушыны буындырып өлтіріпті. Қылмыс ізін жасыру мақсатында мүрдені ескі ғимарат ішіне көміп, үстіне тұрмыстық қалдықтарды үйіп тастаған. Ал жарты ай бойы жоғалған қыздың аман оралатынына үміттенген туыстары ауыл азаматтарының бірінен күдіктеніп отыр.
Любовь Шарипова, марқұмның туысы:
- Біз бұл қылмысқа осы ауылдың тұрғыны қатысы бар деп ойлаймыз. Мұның алдында Настяның ұялы телефонын ұрлап алып, қыр соңынан қалмай қойған. Полицияға айттық. Мұндай залымдарды ең ауыр жазаға кесу керек.
Дегенмен оқушы қыздың қазасына қатысты әртүрлі болжам айтылуда. Бірі ауылдан шыққан азғын десе, енді бірі қылмысты күзгі науқан кезінде сырттан келген жүк тасушылардың бірі жасаған дейді. Полицейлердің де өз уәжі бар. Олар қылмыскер құрылысшылар болуы да ғажап емес деген пікірде. Күдікті туралы нақты деректі іс біржақты болғанға дейін құзырлы органдар әзірге құпия ұстап отыр.