30 жылдықтың қарсаңында Желтоқсан қаһарманы болып көріну сәнге айналып барады – Қайым-Мұнар Табеев

Caravan.kz медиа-порталының осы мақсаттағы алғашқы қонағы – Желтоқсан оқиғасы туралы бірнеше кітап («Желтоқсан жаңғырығы», «Алматы. Желтоқсан-86», «Үш күннің дерекнамасы», «Мұзда жанған алау», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың желтоқсаны») жазған белгілі журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев.  

- «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабыңызды 1986 жылғы оқиға боямасыз суреттелген екен. Ондағы деректерді қайдан алдыңыз?

- Ең алдымен, бауырлар, көз алдымызда күнделікті болып жатқан жағымсыз жағдаяттарды ғана елестететін «оқиға» деген жалаң атаудан арылайықшы. Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан дүрбелеңін Қазақстан тарихшылар Қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев бастаған бірқатар зерттеушілер «көтеріліс» деп бағалай бастағанын білесіздер. Ендігі жерде біз де осылай атайық. Өз шежіремізді өзіміз дұрыстап жазбасақ, ешкім де бізге оңды тарих жазып бермейді. Бұған бірнеше ғасырға жуық орыс патшалығының, одан кейін қызыл империяның құрсауында болған халқымыздың көзі жетті деп ойлаймын.

Ал, негізгі сұрағыңа келсек, Кремльдің өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтарды, шовинистік саясаттың қитұрқы әрекеттерін әлем алдында жайып салған бұл айтулы көтерілістің тарихы кешенді түрде зерттелген емес. Сондықтан  Желтоқсанға қатысты материалдарды майдан қыл суырғандай етіп, әртүрлі дереккөздерден жинақтауға тура келді.

Ең алдымен, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Алматы қалалық соты мұрағаттарындағы түрлі қылмыстық істер құжаттары пайдаланылды. Әрине, оларды алудың машақаты қаншалықты көп болғанын оқырман білмейді де. Енді ашып айтудың уақыты келді, құқық қорғау органдарындағы мұрағат қорларында сақталған көптеген құнды құжаттардың көшірмесін қолға түсіруіме Бас прокуратураның сол кездегі баспасөз хатшысы Мақсұт Нәрікбаев пен тергеу бөлімінің аға прокуроры Нұрғали Мамытов үлкен көмек жасады. (Еске сала кетейін, кезінде М.Нәрікбаев екеуміздің бірігіп жазған «ХХ ғасырдың обасы» атты нашақорлық тақырыбын ашып көрсеткен кітабымыз да шыққан). Соның барлығын өзім сарапшылар құрамына қосылған Желтоқсан көтерілісін зерттеген Комиссия құзырына өткіздім, осыған сүйене отырып, кейін құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға мүмкіндік алдық. Сонан кейінгі кітаптарымда пайдаланғаным – Конституциялық соттың Желтоқсан көтерілісі туралы 10 томдық іс материалдары болды.

Бұған қосатыным, 1990 жылдың сәуірінде мен Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған Құқықтық комиссияға (төрағасы жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаев) жауапты хатшылыққа шақырылдым. Осы комиссияда жүріп, «Мұзда жанған алау» кітабымның материалдарын жинастырдым. Шындығына келсек, адамдардың кіріп-шығуы қатаң қадағаланатын Үкімет үйіне орналасқан, шұбатылған аты бар: «Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясы» деп аталатын Парламенттік комиссиядан гөрі, жұрт осы жазушылардың шаңырағына көп келуші еді. Құқықтық комиссияның қызметі туралы Т.Жұртбаев «Жұлдыз» журналында жарияланған «Оларды да ұмытпайық...» деген эссесінде толық жазғандықтан, көп тоқталмаймын. Тек, сөзімнің дәлелі ретінде мына бір үзікті келтіре кетсем, артық болмас:

«Әуеліде тізім саны көп еді, істің түп тамыры ашыла бастағанда біраз әріптестеріміз бен ағайындарымыз сытылып кетті. Өздері тілек білдіргендер де болды. Ал қандай да бір тәуекел, қауіп-қатерге қарамастан құқықтық комиссияның жұмысына белсене және сеніммен араласқан Сафуан Шаймерденов, Қалмұхан Исабаев, Смағұл Елубаев, Қайым-Мұнар Табеев ... сынды көптеген қаламгерлердің есімдерін ерекше ілтипатты  құрметтпен еске алып, айрықша атап өткім келеді. Өйткені дәл осы азаматтардың табанды қызметтерінің нәтижесінде желтоқсан оқиғасына саяси баға беріп, қоғамның демократиялық бағыт алуына және жоғарыда көрсетілген бағдарлы мақсаттардың шешілуіне, ақтандықтардың жойылуына белгілі бір дәрежеде ықпал жасалды».

Кітаптарыма еліміздегі архивтердегі құжаттарды да пайдаландым. Архивтердегі жылдар бойы жабық жатқан мәліметтермен танысуға Президент 1993 жылдың сәуірінде қол қойған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңынан кейін толық мүмкіндіктер туды. Алайда Желтоқсанға байланысты негізгі құжаттар мардымсыз болып шықты. Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары, генерал Э.Басаров мәлімдегендей, “уақыты өтуiне байланысты” деген сылтаумен өртеліп кетті-міс. Оған сену де қиын. Өйткені Кеңестер Одағы ыдырай бастаған берекесіз кезеңде, КГБ мен құқық қорғау органдарындағы құпия құжаттар, банктердегі қаржы-қаражат, әскери бөлімдердегі құрал-жабдықтар, техника, ұшақ, танк, азық-түлік, қолға не іліксе, сол түгел Мәскеуге әкетілді. Арасында Желтоқсанға байланысты құпия мәліметтер де бар. «Өртеліп» кетсе, олар қайдан жүр?

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінде  консультант болып жүргенімде, Мәскеуге барған бір іс-сапарда Ресей Федерациясы Президентінің мұрағаттарын қараудың сәті түсті. Мысалы, сол жерден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы З.Камалиденовтың 1987 жылдың 5 қаңтарында Мәскеуге жолдаған «құпия»  белгісі қойылған қызметтік хатына кезіктім (ЦК КПСС, общий отдел, 06.01.1987 г. №00438). Арада небәрі жиырма күн ғана өткен, ізі суымаған Желтоқсанға ресми баға берілмесе де, ол алаңға шыққан жастардың ашық қимылын нағыз «ұлтшылдық көрінісі» деп айыптапты. Кейін осы айыптау тіркестер СОКП ОК Пленумы қабылдаған қазақ ұлтшылдығы жөніндегі Қаулыға сол қалпында еніп кетті. Ресей мұрағаттарында бұдан басқа да Қазақстан тарихына құжаттар мен жәдігерлер жетерлік, тек соларды алдыртып, ғылыми айналымға түсіру қажет деп ойлаймын. Үкіметтен қолдау мен қаржы болса, әр жерде шашылған деректік мәліметтер, фотосуреттер, бейнематериалдарды жиыстырып, бір ізге түсіру ғалымдар үшін қиын шаруа емес.

- Кеңес заманы да сіздің көз алдыңыздан өтті ғой. Сол 86-шы жылға дейін қазақтардың (әсіресе, Алматыда) жағдайы қалай еді?

- Біз хакім Абай айтқандай: «күшігінен таланған» ұрпақтың өкіліміз. Барлық замандастарым секілді мен де ауылда туып-өстім, қазақы ортада тәлім-тәрбие алдым. Кеңес заманында қазақтар көбінесе ауылдық жерлерде тұрады. 1989 ж. санақта еліміздегі 83 қалада тұратын қазақтардың үлесі 38,3% ғана болды. (Ал, 86 жылы одан төмен болмаса, аса қоймағаны анық). Сол себепті, қалалықтарға қарағанда, ауыл балаларының мамандық таңдау еркі шектеулі болды. Шырқағанда мұғалімдік, бухгалтер, әнші, күйші, спортшы немесе зоовет, ауыл шаруашылығы институттарына түсетін. Бағы жанып, ғылым, техника, авиация  саласында оқығандар болды, әрине. Бірақ тым аз еді. Мысалы, 1974-76 жылдары Мәскеуде МИГ-25 ұшағының кіші авиа механиктерін даярлау курсында оқыдым, парашютпен секіруді үйрендім. Сонда Алматыдан аттанған 50 курсанттың екеуі ғана қазақ болдық (мен, екіншісі Шыршық қаласында туған Сапар деген жігіт). Әрине, «авиацияда қазақтар неге аз?» деп ойлансақ та, оның астарлы саясаттың жемісі екенін түсінуге өреміз жетпейтін жаста едік. 

1973 ж. Парашютшілер. Оң жақтан бірінші Қайым-Мұнар Табеев

Ал 1973 жылы мектеп бітірерде бізді партия, комсомол белсенділері қой бағуға қатты үгіттегені есімде. «Шұбартаулықтардың бастамасын» қолдап, екі жыл қой бақсаң, үлде мен бүлдеге бөлейтіндерін де айтты. «Кейін өзіміз оқытамыз, тоқытамыз» деген уәдеге сеніп қалғандар да болды. Әйтеуір, мектеп директоры Әдiлет Өзбекханов пен ұстаздарымыздың қолдауымен қой бағудан аман қалдық. Олар жиналыста «Екінші тыңды көтеру» саясатын қолдап сөйлегенiмен,  оңашада «Ешқандай қағазға қол қоймаңдар, өтiнiш жазбаңдар» деп сыбырлап кетушi едi. «Мұнысы несi?» деп,  бастапқыда таңырқаған бiз олардың жанашырлығын iштей сезiне бастадық. Сөйтiп, сол аяулы ұстаздарымызың арқасында өзімізге ұнайтын өмір жолдарын таңдадық.  

1977 ж. ҚазМУ журналистика факультетінің студенттері. Сол жақтан бірінші Қ-М.Табеев

Ал арман қуып, Алматыға асып-тасып жеткенімде, аптыққан көңілімнің қалайша су сепкендей басылғанын айтып жеткізе алмаймын. Бір сөзбен түйіндесем, Ресейдің қаласына келгендей күй кештім. Кеңселердегі, көшедегі барлық сөз түгел орысша. Тіпті, ана тіліңде сөйлеп қалсаң, автобуста жирен шашты апаларымыз «Говори по-русский!» деп, зекіп қалады. Бұл не деген сұмдық!.. «Разве у нас запрещено говорить на родном языке? Думаю, нет. Согласитесь, каждый имеет права говорить на том языке, на каком он хочет. Тем более, в моей стране казахи обязаны знать свой казахский язык!», - деп, әскерден келгендегідей тойтарып тастайтын кез емес, ауыл баласымыз, тіліміз жетпейді. Іштей қатты булығатынбыз.

Өз туған жеріңде, өз Отаныңда осындай астамшыл сөз есту, жұмсартып айтқанда, адам баласының түсіне кірмейтін нәрсе. Сіз Ресейге барып автобустың ішінде «Говори, по-казахский!» деп айтып көріңізші! Не болар екен?.. Зауыт, фабрика дегендерге бас сұға қалсаң, босағадағы күзетшісінен бастап, қожайындарына дейін «аға» ұлттың өкілдері. Қандай білімің тасып тұрса да, жұмысшылықтан басқа (асқанда цех бастығы) лауазымды қызметке тұру арман. Оны былай қойғанда, миллионға жуық  халқы бар үлкен қалада қазақша оқытатын екі интернат пен бір ғана мектеп бар екен. Масқара ғой! Еліміздің сол кездегі астанасы Алматыда қазақ тілінде білім беретін жалғыз-ақ мектептің болуы мені қатты  таңдандырды, әрі шошытты.

Ал Қазақстан бойынша жағдайға келсек, ол кезде менің одан ешқандай хабарым жоқ еді. Сөйтсем, еліміздің жағдайы да жетісіп тұрған жоқ екен. Белгілі оқымысты, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевтың айтуынша, 1960-1990 жылдар арасында, яғни 30 жылдың ішінде Қазақстанның 700-ден астам қазақ мектептері солақай саясаттың кесірінен жабылған. Тілмен бірге ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, қадір тұтатын рухани құндылықтарымыздың барлығына осылайша көзге көрінбейтін тосқауыл қойылған. Оның зардабын қалада өскен замандастарым әлі күнге дейін тартып келеді. Тіпті, жасы 50-ге келгенше қазақша тіл сындырмаған бір министріміз жуырда «Басымның қауашығын ауыстырмасаңыз, үйрене алмаймын» деп, кесіп айтты.

Құдайдың өзі сыйға бере салған алып даламыздағы қазақтың үлес салмағы туралы қысқаша тоқталсам, «Аз емеспіз, алты миллион халықпыз» деп алаш көсемдері ХХ ғасырдың басында хатқа түсіріп кеткен көрсеткіші 1989 жылға дейін өспеген мемлекет біз болдық (6 534 616 адам). Патшалық отарлау, дүниені қанға бөктірген төңкеріс, Кіші Октябрьдің  аласапыраны, қолдан ұйымдастырылған аштық, билік жүргізген қуғын-сүргін, фашистермен соғыс, Семей полигонының қасіреті – толып жатқан зобалаңдар қазақты қынадай қырып тастағанын кейін білдік.

1897 жылғы бүкілресейлік халық санағының мәліметі бойынша, қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар (3 392 751), 12%-ын славян тектес (орыстар - 454 402, украиндар - 79 573) этностар құрағаны көрсетілген. Бұл кестеге Қазақстан шекарасының аржағында (Қытай, Ресей, Моңғолия т.б. елдерде) қалып қойған миллиондаған қандастарымыз енбей қалды. Ал олардың тағдыры да ата-мекендегі бауырластарымен өте ұқсас еді. Міне, жыланбауырлап жылжыған отарлау саясатының ескерткішіндей, сол кезеңде, 1895 жылдың 26 наурызында жазылған Жетісу губерниясы Ақшоқы болысы Жәнібекұлы Табей атамның хаты архивтен табылды. Онда ұлан-ғайыр қазақ жерінің бір бөлігі жат мемлекеттің қолында қалғаны, қазақтың ырқынан тыс өзара келіскен екі алып империяның кесірінен ағайындар арасындағы алыс-беріске шектеудің қойылғандығы айтылады.

Табей Жәнібекұлының хаты

Ал осы босап қалған қазақ даласында өзге ұлт өкілдері жаңбырдан кейінгі жуадай қаптап кетті. 1989 жылы орыстар 6 227549, украиндар 896 240 деген көрсеткішке жеткен. Бұған балалары орыс мектептерінде оқитын 182 601 белорусс, 957 518 неміс, 327 982 татар, 103 315 кәріс, 46 746 грек, 41 847 башқұрт, 33 009 молдован, 30 036 мордвин, 22 305 чуваш, 18 492 еврей т.б. ұлт өкілдерін қосыңыз. Осылайша, еліміз бір ғасырдың ішінде көп этносты мемлекетке айналып шыға келді. Әрине, кейбіреулері жайлы тұрмыс іздеп, өз бетімен келсе, енді біреулері өз еркінен тыс, саясаттағы зорлықпен көшіріліп келген оларды кінәлауға негіз жоқ. Бүгінде еріксіз жер ауып келгендердің бірқатары тарихи отандарына қайтып та кетті. Оны көріп, біліп отырмыз.

Бірақ атамекені Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ қазақтардың өз Отанында азшылыққа айналғаны үшін жазықты болуы қалай?  «Жүз ұлттың лабораториясы» атанған Кеңестер Одағында орын алған әлеуметтік теңсіздік (үлкен қалаларға аз ұлттардың енгізілуіне шектеу, тұрғын үй кезегіне тіркеле алмау, жұмысқа орналасудағы аға ұлт өкіліне деген басымдық, авиациялық, академиялық, техникалық жоғары оқу орындарына тек квотамен түсу сияқты) т.б. ұлттық кемсітушіліктің зардабын қазақтар қатты тартты.

Мысалы, 1985 жылы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіндегі абитуриенттердің үлесінде 61%-ы қазақтар болса, 1986 жылы оның саны 27,5%-ға дейін кеміген. Қазақ жастарын ішкі істер органына қызметке қабылдау күрт азайған. Тіпті, Шымкентте облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз» деген сорақы жарнама ілуге дейін барған.

Ал, 1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен/үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, студенттердің тең жартысы жеке пәтерлерде қаңғып жүретін Алматыдағы жағдай мәз емес еді.

Әлеуметтік шиеленістердің басты себебі – саяси факторлар екені белгілі. Дәлірек айтқанда, шиеленістер саяси билік мәселесіне байланысты туындайды. Ең сорақысы, Кеңес өкіметі жылдарында республиканың бірде-бір өкілін коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды тікелей Орталық тағайындап отырды. 1920-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартия ұйымына басшылыққа үш-ақ қазақ көтеріліпті, негізінен орыс пен еврей, бірен-саран өзге ұлт өкілдері басқарып келді. Жергілікті қазақтардың ой-пікірімен санасу, ұлттық ерекшеліктерін құрметтеу деген ұғым көпе-көрнеу бұрмаланды. Әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орында тұрған алып мемлекет басшысы (сол кездегі дәстүр бойынша) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алған Пленум отырысы небары 18 минутқа созылды. Оның орнына баяғы басқыншылық әдіспен Мәскеу жіберген Г.Колбин сайланды (шынында тағайындалды). Жастардың жүрегіндегі буырқанған алаудың тұтануына бір ғана тал шырпы жеткілікті болатын. Сол шырпы – Қонаевтың орнынан кетуі болды.

Екінші жағынан, тоқырау жылдарында жергілікті жерлердегі ұлт саясатындағы, кадр мәселелеріндегі алауыздық, елдегі белең алған рушылдық, жершілдік, жағымпаздық, парақорлық сияқты келеңсіз құбылыстар қарапайым жұртты әбден ашындырды.

Біздің ұрпақ осыншалықты рухани кедергілер мен «соқтықпалы, соқпақсыз жолдардың» (Абай) бәрін бастан өткерді. Бірақ көнбістіктің де шегі болады. 86-ның Желтоқсанында ширыққан замандастарымның жан-дүниесін сыздатқан бітеу жара бір-ақ күнде жарылды. Жарылғанда, оның уыты бүкіл Қазақстанға жайылды.

- Желтоқсан көтерілісін өз көзіңізбен көрдіңіз бе?

- Әрине, көрдім. Екі күн, екі түн алаңда жүрдім. 86-ның желтоқсанында балалар газетінен белгілі журналист-жазушы, жастар басылымының Бас редакторы Уәлихан Қалижановтың шақыруымен республикалық «Лениншіл жас» газетіне жаңадан тілшілік қызметке ауысқан едім. Өзімізді отқа салса күймейтіндей, суға салса батпайтындай сезінетін, ештеңеден қайтпайтын асаулау кезіміз. 17 желтоқсан күні таңертең 8-30-дар шамасында қызметке шықтым. Тұрған үйіміз алаңға таяу еді. Редакцияға да қашық емес. Көкбазарға бару үшін Фурманов көшесіне шығып, аялдамаға келсем, Орталық Комитеттің (қазіргі қалалық әкімдік) алдында қолдарына плакат ұстаған бір топ жастардың шоғыры тұр екен. Журналистік әуестікпен лезде-ақ қастарына жетіп бардым.

Өрімдей қыздар мен ұлдар, бірінші-екініші курстың студенттері-ау деп ойладым, өзара күлісіп, еш алаңсыз тұрды. Қолдарында асығыс жазылған “Ұлт саясатының  лениндiк принциптерiн сақтауды талап етемiз?”, “Ешқандай ұлтқа артықшылық берiлмесiн!”, “Әр республикаға - өзiнiң басшысы!”, “Қазақстан жасасын!” деген ұрандарын көтеріп, Орталық Комитет жаққа қолдарын бұлғап қояды. Сөкет ештеңесі де жоқ, орынды талап. Сол уақыттағы жариялылық, қайта құру ұрандарымен үндесіп тұр. Бір сағаттай уақыт өтті. Әуестікпен жиналған жұрттың қарасы өсе бастады. Үлкен үй жақтан ешкім көрінбейді.

Осы күні ойлаймын, дәл сол сәтте, жөн-жосық білетін екі-үш парасатты адам шығып: «Әй, жастар, бұл көтерген мәселелерің көшеде айқаймен шешілетін дүние емес – Пленумда ақылдасып, кеңесіп шешетін мәселе. Өздеріңнің ой-ұсыныстарыңды жеткіздіңдер, дұрыс істедіңдер, біз оны жоғарыға жеткіземіз, талқылаймыз. Сөйтіп, бір шешімін өздеріңе хабарлаймыз, ал енді қайтыңдар» десе, жетіп жатыр. Оң-солын танып қалған студент жастар артық қимылға бармай, өздері-ақ тарап кетер еді.

Жоқ, істің байыбына бармастан шу шығару, өз беттерімен шешім қабылдай алмай дәрменсіздік таныту, Мәскеуді дүрліктіру, милиция жасағы мен әскер шақырту – осының бәрі демократияның барына сеніп келген бозбалалар мен қыздарды ашындырып жіберді. Алматы қалалық iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары К.Мусин бастаған оперативтi бөлiмiнiң арнайы тергеушілері, ППС полкы (100 адам), арнаулы милиция батальоны (165 адам) қаланың орталық алаңына қарай қоңыраулатып жеткенін, одан кейінгі жағдайдың қалайша өрбігенін «Қазақтың желтоқсаны» атты кітабымда таратып жаздым.

Қарусыз қазақ жастарын  аяусыз басып-жаншып, мұз үстінде қойша домалатқан қатыгез күштің іс-әрекетін үйлестіру үшін құрылған Штабтың құрамы тек Орталықтан келгендерден ғана жасақталды. Штаб бастығы болып КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник Б.Елисеев тағайындалды. Ал Қазақстаннан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Г.Колбин, екінші хатшысы О.Мирошхин, республикалық МҚК (КГБ) төрағасы В.Мирошник, Ішкі істер министрі Г.Князев кірді. Көріп отырсыздар, штаб құрамында жоғарғы эшолондағы бірде-бір қазақ басшысы жоқ. Бұл да қазаққа деген сенімсіздіктің айқын дәлелі.

Түнгі дүрбелеңде ресми дерек бойынша, 2 адам қаза тапты, 12 машина өртенді, 24 машина істен шықты, 39 автобус пен 33 такси қиратылды, 13 жатақхана, 5 жоғары оқу орны мен 6 дүкеннің ғимаратына, 4 мекеменің әкімшілік үйлеріне материалдық шығын келтірілді. Көше жақтағы есік-терезелері тұтастай қиратылып, ішінара өртенгендері де бар.

Алаңда ұсталғандардың саны екі күнде 8500 адамнан асып кетті. Оның 99-ы ауыр қылмыскер ретінде сотталды, 2-уі ату жазасына кесілді. 200-дей адам (15 күннен 1 айға дейін) уақытша абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Мыңдаған қазақ студенттері жазықсыз оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер шейіт болды. Дерек-дәйегі осы күнге дейін белгісіз, хабарсыз кеткендер де бар  екенін жасыруға болмайды.

Ал осыдан соң, іле-шала жүргізілген жазалау науқанында  жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры, облыстық партия комитеттерінiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия деңгейіндегі 630 хатшы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 жетекшісі қызметтерінен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 адам қуылды. Екi облыс таратылып, 14 министрлiк пен комитет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды. Міне, төтеден киліккен құйындай, жапырып өте шыққан Желтоқсан дауылының қысқаша сипаты осындай.

Тағы бір қадап айтарым, жастар алаңға Қонаев үшін ғана шыққан жоқ. Ол себеп қана. Жастарды алаңға алып шыққан ұлттық намыс –  қазақ мемлекетін  өз ұлтының көсемі басқару керек деген бір ғана талап еді. Олар жер бетінде жұмақ орнатуды уәде еткен коммунистердің сөзі мен ісінің алшақтығын көре білді, соны жастық аңғалдықпен айтуға тырысты, басшылар жағынан түсіністік болар деп ойлады. Бірақ, жақсы мен жамандықтың, әділеттілік пен әділетсіздіктің, ақиқат пен жалғандықтың ара-жігін ажырата алмаған күйі «Құйын» операциясының дауылына тап болды.

«Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусыз шықтық алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жанжалға...» – деп, Жоғарғы сот алдында  кеңестік жүйенің бетпердесін сыпырып алған Қайрат Рысқұлбековтің азаматтық үні сол кездегі барлық желтоқсандықтардың жанайқайын білдіретін сөз еді.

Қалай айтсақ та, қарусыз қазақ жастарының өз ар-намысын қорғау үшін Кремль саясатына, темір құрсанған қалың әскерге жалаңаш қолмен қарсылық көрсетуі  – теңдессіз ерлік еді. Замандастарымның сол бір көзсіз ерлігін шамам келгенше қағазға боямасыз түсіруге тырыстым. Желтоқсанда алаңда «нашақорлар мен маскүнемдер» емес, ақын Темірхан Медетбек айтқандай, «қылыштай кесіп сөйлейтін, найзадай тесіп сөйлейтін көк түрік ұрпағының» арпалысқанын барынша әділ көрсеттім деп ойлаймын.

- Сонымен, көтерілісті қай оқу орнының студенттері бірінші бастады өзі? «Мен, мен» деп, айқайлап жүргендер көбейіп кеткен заманда, осы жағын тағы да бір пысықтай кетсеңіз. Сіздің аз тиражбен шыққан кітабыңызбен қалың көпшілік тегіс таныса қоймаған болар.

- Бұл сұрақ ұзақ уақыт бойы тартыстың өзегіне айналып келді. Қазір батыр болып көрінгісі келетіндер көп. «Студенттерді алаңға бірінші болып, алып шыққан мен болатынмын!» деген профессор ағамыздың да ертегісін естідік. Қайрат Рысқұлбековтың «Ақтық сөз» өлеңін «менің танысым жазды» деп, әңгіме таратып жүргендер де бар. Оның бәріне сене беруге болмайды. Қазіргі уақытта, әсіресе 30 жылдықтың қарсаңында Желтоқсан қаһарманы болып көріну сәнге айналып барады. Ондайға тосқауыл қоюдың бір-ақ жолы бар – тек құжаттық деректерге сүйене отырып сөйлеу.

Мен Парламенттік комиссия мен Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы құқықтық комиссияның материалдарын салыстыра келе, көзім жеткен мына бір жайтты оқырмандар назарына ұсынамын. Екі комиссияның қорытындысында да,  Бас Прокуратураның мәліметтерінде де, көзкөрген куәлардың түсініктемелерінде де бес адамның аты-жөндері «ұйымдастырушылар» қатарында бірінші кезекте аталады. Олар – Алматы театр және өнер институтытының 4-шi курс студенттерi – Үсiпхан Сейтiмбетов (1966 ж.т.), Құрманғазы Айтмұрзаев (1963 ж.т.), Батырбек Иманқожаев (1961ж.т.), Аманбай Қанетов (1963 ж.т.), Мейрамғазы Қасенбаев (1962 ж.т.). Сенуге болады. Барлығы да әскерде болған, жастары жағынан өз қатарластарынан ересектеу. Кейін өткен сот процестерінде де бесеуi Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы басты айыпкерлер ретінде жауапқа тартылған. Ақиқаты осы. Сол сақа жігіттердің ұйымдастыруымен 12 студент 16 желтоқсанда түнімен студенттер мен жұмысшылардың жатақханаларын аралап, үгіт жүргізіп шыққан. Жоғарыда келтірілген әртүрлі мазмұндағы  плакат, лозунгтарды дайындаған да осылар. Оларды қолдап, КазГУ-де оқитын Аманғазы Кәріпжанов, Құрманғазы Рахметов сияқты студенттер де топ-тобымен 17 желтоқсан күні таңертең алаңға бір мезгілде жиналған. Одан кейінгісі белгілі.

- Ал осы Желтоқсан кезінде өзге ұлттардың өкілдері өздерін қалай ұстады? Қазақтармен бірге жасасып келе жатқан отандастарымыздың үндемей қалуы мүмкін емес қой?

- Иә,  «осы көтеріліске басқа ұлт өкілдері қатысты ма?» - деген сауалды кездесулерде де жиі естимін. Алаңда ұсталған өзге ұлт өкілдері туралы мәліметтерді тергеу органдары қоғамнан жасырып қалғандықтан, жастардың бас көтеруі әуелден-ақ ұлтшылдық бағытқа ауып кетті. Оны мына мысалдан-ақ байқаймыз. Ішкі істер министрлігінің  анықтамасында алаңда ұсталғандардың арасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және бірнеше (қарақалпақ, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт) ұлтының өкілдері болғаны көрсетілген. Алайда Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олардың басым көпшілігі сол күні-ақ қамаудан шұғыл босатып жіберілді. Осыдан кейін-ақ, көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді.

Ал шындығына келсек, Желтоқсан ызғарында жергілікті орыс, неміс, украин т.б. этнос өкілдерінің арасында қазақтарды қолдағандар аз болмаған. Мысалы, К.Байсейiтова көшесiнiң тұрғыны Эльмира Чадаева былай дейді:  “Менiң осы оқиға куәгерi ретiнде айтарым, ешқандай да ұлтшылдықтың көрiнiсi болған жоқ. Егер, жергiлiктi халық өз басшыларының қазақ болмағаны үшiн ғана көшеге шықса, онда алаңның жанында тұратын бiз сияқты басқа ұлт өкiлдерiн үйлерiне аман өткiзбес едi ғой”. Әділетті берілген баға. Бірақ, оған кезінде құлақ асқан жан болған жоқ.


Қазіргі таңда да, көп этносты Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері  Желтоқсанның мәні мен маңызын жете білмесе де, қадірлейтіні аян. Ұлтаралық ынтымақты ең бірінші орынға қоятыны да сондықтан. Экономикалық өзгерістердің ойдағыдай жүргізілуі де, адамдар тұрмысының жақсаруы да, жалпы республиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты екенін түсінген халық татулық пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауды қолдайды. Тәуелсіздікті қорғаудың да басты кепілі осы.

- Аталған кітабыңызда Дінмұхаммед Қонаевтың о баста билікте өзгеріс болатыны туралы ешкімге тіс жармағанын айтасыз. Сонда ол біле тұрып, орнын қызғанды ма, әлде өзі де бұл жайттан бейхабар болды ма екен?

- Алдымен, мына жағдайды еске алайықшы. Горбачев  өзі бастаған «жариялылық» пен «қайта құрудың» екпіні аз уақытта кеңестік жүйенің іргетасын соншалықты шайқалтатынын күткен жоқ. Және радикалдық өзгерістерге мүлде дайын емес еді. Сол себепті, қарауындағы бодан елдерге сөз жүзінде еркіндік беруді қолдағанымен, іштей Одақтың ыдырауына жан-тәнімен қарсы болды. Әсіресе, шығыстық республикаларға өте-мөте сенімсіздікпен қарады. Гдлян сияқты баскесерлерін жер-жерге жіберіп, «топтық жемқорларға» қарсы қылмыстық істі өрістетті. Шен-шекпеніне, сіңірген еңбегіне қарамастан, лауазымды адамдарды жаппай тұтқындап, абақтыға тоғытты. Билікті қалайда уысында ұстап қалу үшін тәжірибелі басшыларды қудалап, қателіктерге ұрынды.

«Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында Қонаев өзінің орнына «Біріншілікке кімді лайық көресіз?» деген сұрағына, Горбачевтің «Бұл мәселені шешуді бізге қалдырыңыз» деп, суық жауап қайтарғанын айтады. Бұдан кейін Қазақстан билігіндегі өзгеріс туралы біреумен бөлісудің еш мәні жоқ екенін сезінген Қонаев ешкімге сөзі өтпейтінін біліп, үнсіз қалғанды жөн көрген. Оның орында кім болса да, солай істер еді. «Мен орнымнан түсейін деп жатырмын, ал үміткер бауырлар, қамданыңдар» деп, елді дүрліктірген бірінші басшыны тарихта естіген емеспіз.

Солай бола тұрса да, Қазақстандағы жоғары билік пен партия басшылығында жүргендер Қонаевтың кететінін өздері-ақ сезген. Мысалы, З.Камалиденов: «...Горбачев бізге Димаш Ахметұлының өзінде болғанын, «Тағы бір миллиард астық берейін, сосын зейнетке кетемін» дегенін жеткізді», - деп жазды («Аңыз адам», №12,2010 ж.). Бұл 1986 жылы шілде айында Кремльде болған әңгіме және З.Камалиденов өзіне бірінші хатшы болуға ұсыныс жасалғанын, одан денсаулығына байланысты бас тартқанын айтады. Оған сену-сенбеу оқырманның өз еркінде, бастысы, Қонаевтың орынан кететіні туралы Желтоқсан көтерілісінен жарты жыл бұрын белгілі болғанын білдік.

- Оқиға болып жатқан күндері митингке шыққан жастармен сөйлесуге келген Қонаевты Мәскеудегілер «алаңға жібермеңдер» депті. Орталық Комитет неден қорықты екен?

- Бұл туралы көп жазылды ғой. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жақсылығы мен қайшылығы бірдей тұлға. Өз заманының көрнекті басшысы, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Одақтағы абырой-беделі зор болды. Мәскеуді жүре тыңдады деп айту артықтау болар, бірақ, кейбір мәселелер барысында  Горбачевпен текетіреске барғаны анық.  Президенттік тақтан тайдырылған сәтте, Горбачевтің «Бес облыс Ресейдікі еді» деп сандырақтағаны жұрттың есінде болар. Бұл жәй айтыла салған сөз емес, арыдан ойластырылған тамыры тереңдегі нәрсе. Тек, ойындағы шаруаның жүзеге асырылуын Қазақстанның «келісімі» арқылы істегісі келді. Қонаевтың қызметтен кету туралы өтінішіне Горбачевтің қол қоймай, сөзбұйдаға салуының сыры осында жатыр. Теңіз мұнай-газ кеніші мен Түменді біріктіру арқылы Ресейдің мұнай державасы ретіндегі күш-қуатын арттыру туралы идеясын қолдамағаны үшін, Қонаев ақыры орнын босатуға мәжбүр болды.

Бірақ тақтан түскенімен, ширек ғасыр бойы ірі республиканы басқарған айтулы тұлғаның туған халқы алдындағы  сый-құрметінің өлшеусіз екенін өз жансыздары арқылы естіп, біліп отырған Бас хатшы Қонаевты жастар алдына шығарудың өз пайдасына шешілмесін сезген сияқты. Жастар ғана емес, бүкіл қазақ, оған қоса көршілес қырғыз, өзбектер Қонаевты қолдап кетеді деген қауіп басымырақ болған. Дәл сол күндері атқа мінген қырғыз бауырларды Қордай асуынан шекара әскерлері кері қайтарғанын біздер білмесек те, Горбачев естіп-біліп отырған. Сол себепті, Колбиннің кабинеті алдында сарсылта күткізіп, ақыры бір шешімге келе алмай, үйіне қайтартқызған. З.Камалиденовтің естелігінде келтіргеніндей: «Осы жерде Қонаевтың намысына тиетіндей қатты сөздер де айтылды».

«Қонаев жастар алдына шығамын десе, Бюро мүшесі ретіндегі өкілеттігін пайдалануға құқы бар еді ғой, неге соншалық батылсыздық танытқан?» деген сауалды да естідім. Иә, заң жүзінде құқы бары рас, ал іс жүзінде, бұл ешқашан жүзеге аспайтын қиял. Біріншіден, Қонаев Бюро мүшесі саналса да, кеңестік жүйенің қатаң тәртібіне бағынған партия өкілі ретінде Мәскеудің рұқсатынсыз артық қадам жасай алмайды, артық сөз де айта алмайды. Екіншіден, республикалық МҚК басшысының тікелей бақылауында жүрді. Ізінен бір елі қалмай еріп жүрген баскесерлердің қауқарсыз ақсақалды дүрліккен жастармен кездесуге жіберіп қойып, қарап тұрмасы белгілі. Ондай жағдайда, бүлікшілердің қолынан «жазым» ете салу да ойластырылмағанына кім кепіл? Яғни Қонаевқа алаңда сөз сөйлемедің деп, бүгінгі заман көзімен мін тағуға негіз жоқ.

- Жазушылар одағына барған ереуілші жастарға Олжас Сүлейменов те шықпапты. Оны да Мәскеу жібермей қойған ба?

- Иә, қазақ жазушыларын мықтап ауыздықтап ұстау туралы Мәскеудің пәрмені болғаны рас. Бірақ оның Олжас Сүлейменовке тікелей әсері болды ма, жоқ па, о жағын анық білмеймін. Ал Сүлейменов бұғып қалды екен деп, қазақ қаламгерлерінің тарих бедеріндегі алар орнын бір ғана адамның іс-әрекетімен өлшеуден сақ болайық.

Әуелі мынаны түсініп алған жөн. Желтоқсан көтерілісі  өзінен-өзі пайда болған жоқ. Ол сонау «Алашорда» қозғалысынан басталып, ұлттық мемлекет құру идеясын ұстанған «Үлкен Түркістан»,  «Жас тұлпар», «Талап», «Жас қазақ» сияқты ұйымдардың іс-әрекетінен нәр алғанын айта кеткен орынды. Соның бәрінде де қазақ зиялылары, оның ішінде қаламгерлері басты рөл атқарған. Кез-келген ұлттың рухани қозғаушы күші –  құдіретті сөз иелері екені адамзат баласы әлдеқашан мойындалған ақиқат. 

Желтоқсанның сын сағаттарында Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Сағат Әшімбаев, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов, Бейсенбай Сүлейменов, Әшірбек Көпішев, Мейірхан Ақдәулетов, Хасен Қожахметов, Кемелбек Шаматаев, Рафаэль Ниязбеков, Талғат Өтегенов, Оңласын Әмірқұлов, Темірхан Момбеков, Байбота Серікбаев, Аманхан Әлімов, Лесбай Оспанов, Болат Шарахымбай сияқты журналист-жазушылардың, ақындардың алаңда халықпен бірге болып, жастарды сөзбен демегенін, құтырынған әскердің құрығынан өрімдей қыздарымыз мен ұлдарымызды құтқаруға әрекеттенгенін бүгінгілер білмейді. Мен қолдағы бар тізімді ғана беріп отырмын, әйтпесе алаңда бой көрсеткен қаламгерлер қарасы бұдан да көп. Бір айта өтерлігі, олардың ешқайсысы да «Мен сонда сөйтіп едім, бүйтіп едім» деп, жұрт алдында ешқашан ұрандап, кеуде қаққан емес. Ар-намысы биік замандас әріптестерімнің ондай арзан бедел жинауға ұмтылмайтынын да білемін. Десе де, ақын-жазушылардың жастар ортасынан табылуы – қорғаныш іздеген студенттер мен жас жұмысшыларға үлкен рух берді деп ойлаймын. Жастар шеруінің Жазушылар Одағы алдына барып, Олжас Сүлейменовті  іздеуі де осыдан туындаған әрекет.

Ал Олжасқа келсек, ол да советтік заманның өнімі, бар болмысы қайшылықтардан тұратын үлкен ақын,  танымал тұлға. Оның қоғамда сілкініс туғызған «АЗиЯ» кітабы қазақтардың ұлттық-сана сезімінің оянуына үлкен үлес қосқаны, «Невада-Семей» қозғалысын ұйымдастырудағы айырықша еңбегі халықтың жадында. Осы кітабын жасырып оқығанның біреуі өзіммін. Бүкіл түркі дүниесін таныту хақындағы батыл ойлары, пікірлері жүрегіме от бергені рас. Бірақ, солай бола тұра, талантты ақынның туған халқының ана тіліне деген ішкі қарсылығын қоғам түсіне алмады. Әлі есімде, 2005 жылы Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру туралы Қаулы қабылдады. Қалалық әкімдіктің қатардағы қызметкері ретінде Қаулының жобасын жасауға мен де қатыстым. Ал, содан кейінгі Ғылым Академиясында өткен жиында Олжастың «Қазақ тілін Алматы қаласына енгізуге қарсы екенімді Елбасыға жеткіземін» деп, ауа жайылғаны бәрімізді түңілдірді. Оның «…қазақтар тек орыс тілі  арқылы дами алады» деген қате тұжырымы осы күнге дейін өзгермегенін естіп жүрміз. Қынжыламыз. Айтамыз. Бірақ, бәрібір, құлағына ілмейтіні шошытады. Бәлкім, 1986 жылғы желтоқсанда оны қазақ жастарының алдына шығуға бойына сіңіп қалған осы «әсіреорысшылдығы» бөгет болған шығар. Оны өзінен сұраған жөн.

- 1980 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарған, Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Зақаш Камалиденов осы оқиға туралы айтылғанда, жағымсыз кейіпкер ретінде көрініп қалады? Ал сіздіңше, оның бұл жерде рөлі қандай болды?

- Оны жағымсыз кейіпкер ретінде суреттеген ешкім жоқ, бар болғаны тарихи уақиғалардың өрбу сәттеріндегі З.Камалиденовтың өзін қалай ұстағанын, не сөйлегенін ғана көрсеттік. Әсіресе, жастардың албырттық іс-әрекетіне қатысты жоғарыда айтылған «махровый национализм» деген тіркестің авторы ретінде қазақ халқының жүрегін мұздатқаны рас. Ол мұз қазір де еріп кетті дей алмаймын. Бәлкім, сол күндері әсіребелсенділікке салынбай, тым құрыса үнсіз қалғанында, билік басындағы көптеген замандастары секілді ұмыт болар ма еді? Улы жебедей әйгілі Қаулыға еніп кеткен осы жебір сөз қаншама адамның тағдырын күйретті! Жазықсыз жандар абақтыға қамалды, алды атылды, арты сотталды, жеңіл жаза алды дегендердің өзі қызметінен айырылды, оқудан шығарылды...

Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнiң бұрынғы подполковнигi Тәңiрберген Бекiмовтің жазбасын оқып көріңіз. «Ұлтшылдық туралы қаулыдан кейін Орталық аппараттағы барлық офицерлер құрамынан төмендегiдей екi сұраққа жазбаша жауап беру талап етiлдi: «16-18 желтоқсан күндерi сiз қайда болдыңыз? Және қандай оқиғалар мен жағдайлардың куәсi болдыңыз? Оқиғаға Сiздiң қатысыңыз бен көзқарасыңыз қандай?».

Осыдан кейін барлық мемлекеттік органдарда, партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында адам шыдатпас психологиялық ахуал орнады. Тергеуге шақыру, аңду, домалақ арыз ұйымдастыру, «тырнақ астынан кір іздеу», аяқтан шалу адамдардың жүйкесін әлсіретті. Мәселен, Торғай облысы Жақсы аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Шолпан Оразгелдинова ұлты орыс басшылардың орынсыз қудалауына шыдамай, өз кабинетiнде сiрке суын iшiп, мерт болды. Мұндай аянышты көріністер аз емес.

Бұдан басқа, жеке өмірде де қаншама отбасы ойран болды?  Бір шаңырақ астындағы коммунист әкелер мен аналар, комсомол ұлдар мен қыздар үлкен саясаттың құрбаны болғанын түсіне алмай, қырғи-қабақ болып, өмірлері өксіді. Желтоқсан ызғарында мұзға жатқызылған қаншама бойжеткен жар қызығын көре алмады?  Осы күнге дейін денсаулығы оңалмай, дімкәс болып қалған жандар арамызда жүр емес пе.  Мұны қалай ұмытуға болады?

Тұтас бір халықтың басына қара бұлт болып үйірілген,  «махровый национализм» деген қамытты кигізген жазалаушы топта болғанын З.Камалиденовтің өзі де мойындады. КПСС ОК ұйымдық-партиялық жұмыс мәселелері жөніндегі бөлім жетекшісі Е.Разумовтың қысым жасағанын айта отырып: «Маған жиналыста «проявление махрового национализма» деген сөзді диктовкамен айттырған сол кісі» деп, жеңіл құтылғысы келеді («Аңыз адам», №12, 2010 ж.). Енді болары болды, халықтан кешірім сұрау, сұрамау – ол кісінің арына сын. Ал біздің қосарымыз, халықтың ар-абыройына қатысты бұл мәселе – барлық басшыларға да сабақ болса дегің келеді. Тарих қатардағы адамдардың қателігін ұмытуы мүмкін, бірақ ел басқарған көсемдердің қателігін ешқашан кешірмейді.

- Аталған кітабыңызда нені қамти алмадым деп ойлайсыз? Өзіңіз естіген, бірақ нақты дерегі табылмаған жайттар бар ма?

- Қамти алмаған жайттар аз емес. Оны таратып айтар болсам, көп уақытты алады. Бір ғана мысалмен шектелейін, Желтоқсан қырғынынан кейін ауылдарына қашып барып, хабарсыз кеткендердің тағдырын зерттеуге, жазуға мұршам болмады. Мысалы, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының студенті Бақытгүл Мырзағазинаның қос бүйрегі зақымдалып, Торғайдағы еліне барған соң, көп ұзамай қайтыс болды. Ішіне оқ тиіп жараланған Әділ Молдыбаев, сапер күрегінен жарақат алған Нұрсұлу Ерғалиева, Халуат Қожалиев, Ыдырысхан Тілешов, Ләззат Елекова, Мұхамед Мұратов дегендердің кейінгі тағдырын ешкім білмейді. Қаншама БАҚ арқылы іздестірсем де, бір хабары жоқ. Мендегі сақталған құжаттарда осындай біршама адамдардың тізімі бар. Егер демеуші табылып, баспагерлер тарапынан қолдау болып жатса, кейіпкерлерімнің аясын кеңітсем деймін.

Екінші, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау туралы» Елбасының Жарлығынан соң, 103 адамның 92-сі толықтай, біреуі – Мырзағұл Әбдіғұлов жартылай ақталды. Ал, Жамбыл Тайжұмаев секілді милицияға қарсы қол көтерген 10 адам ақтау тізіміне ілінбей қалды. Оның сыртында Желтоқсанда зардап шеккендерін дәлелдей алмай жүрген мыңдаған замандастарымыз бар. Соларды осы 30 жылдықтың қарсаңында анықтап, заң жүзінде қорғаудың амалын Үкімет деңгейінде қарастырсақ деген ұсынысым бар. 

- Өмірбаяныңызға қарап отырсам, Президенттің Баспасөз қызметінде, Ақпарат және баспасөз министрлігінде, қалалық әкімшілікте деген сияқты біраз мемлекеттік мекемелерде жауапты қызметтерде істепсіз. Биліктің ұстанымына қайшы келетін кейбір көзқарасыңыз ресми орындарда жүргеніңізде кедергі болған жоқ па?

- Жалпы демократиялық бағытта дамыған елдерде адамдардың шығу тегі, нәсiлi, ұлты, тiлi, дiни ұстанымы немесе кез келген өзге жағдайларға жеке көзқарасы бойынша кемсітушілікке жол берiлмейдi. Өз Тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап-ақ, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытты, ал оның ең қымбат қазынасы – адам болып табылады. Сондықтан, мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдардың ең алдымен тиісті бiлiмi, кәсiби бiлiктiлiгi, қабілетi, қоғамға сiңiрген еңбегі ескеріледі. Менің Кеңес өкіметі кезінде Желтоқсанға қатысқаным, ұлтшылдық сипаттағы мақалаларым, МҚК мен прокуратура тергеуінде болғаным, әрине барлығы да тексерілді, тәртіп солай, бірақ лауазымды қызметтерге орналасуыма кедергі болған жоқ. Өйткені, оның бәрі менің жеке көзқарасыма байланысты жағдайлар еді және түгелімен басқа жүйеде, коммунистік қоғамдағы кезеңдерде өтті.

Мысалы, 1989 жылы 10 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Желтоқсан жаңғырықтары» атты мақаламнан кейін, мені 16 қараша күні ҚазМУ-дың журналистика факультетiнiң студенттері кездесуге шақырды. Еліміздегі үш жыл бұрын ғана өткен Желтоқсан дүрбелеңі хақында автордың өз аузынан естігісі келген студент жастардың ынтасы ерекше еді. «Оқиғаның туу себептері қандай?», «Бейбіт шеруге неге күш қолданылды?», «Қазақстанды басқаратын арамыздан басшы шықпауы неліктен?» деген сияқты, сол кездің шеңберіне сыймайтын небір сұрақтарды жаудыртты. Енді, осыған дейін жабық тақырып саналып келген Желтоқсан туралы ешкім ашып әңгіме өткізбесе, мұндай сауалдарды қоймағанда, қайтеді? Барынша нақты, әрі дәлелмен жауап беруге тырыстым. Оқытушыларда зәре жоқ. Ал, осы кездесуді Алматы қаласының прокуроры «рұқсат етілмеген митинг» деп тауып, ертеңінде менің үстімнен қылмыстық іс қозғады. Оған себеп мына тілдей телегармма екен:

“Прокурору г.Алма-Аты, тов. Азарову А.И.

Ректорат и партийный комитет просит Вас рассмотреть возможность принять меры в отношении корреспондента газеты “Қазақ әдебиетi” Табеева К.Т., который на состаявшейся 16 ноября 1989 года встрече со студентами в общежитии №5 КазГУ, допускал тенденциозные, клеветнические суждения о декабрьских событиях  1986 г. в г. Алма-Ате.

                                                                    И. о. ректора Неронов В. С. 

                                                     Секретарь парткома Болдырев  В. М.”

Осы «доностың» кесірінен бір апта қамауда отырып, жарты жыл тергеуде жүрдім. Тек заңды жақсы білетіндігімнің арқасында және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ақын Мұхтар Шахановтың көмегімен аман-сау құтылдым. Бұдан кейін желтоқсандықтарды іздеу ісін қолға алып, облыстарды шарладым, абақтыларға іздеп бардым, олардың босап шығуына,  ақталуына өз үлесімді қостым. Ату жазасына кесіліп, Өскемен қаласында түрмеде отырған Мырзағұл Әбдіқұловтың мәселесімен Елбасының алдына дейін бардым. Жоғарғы Сотта сөз сөйлеп, Қайрат Рысқұлбековтің отбасына 31 миллион сом құн өндіріп беруім – бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған іс. Және басқан ізімді аңдып жүрген прокуратура, тергеу органдары мен кеңес билігіне осы әрекеттерімнің барлығы ұнай қойды деп айта алмаймын. Бірақ өз басым сол уақытта азаматтық ұстанымыма адал болдым деп ойлаймын.

2005 жыл, 22 наурыз. Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен бірге

- Биыл жасыңыз алпысқа келіпті. Мерейтойыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Желтоқсан оқиғасына қатысты бұдан әрі де іздене бересіз бе? Тағы да кітаптар жазыла ма? 

- Рахмет Оразәлі! Мерейтой деген – өткеніңді електен өткізіп, өзіңе-өзің есеп беру үшін ғана керек шара. Президент әкімшілігінен бастап,  туған жерім Семей, Аягөз, Үржар елі, Қайрат Рысқұлбековтың ата-мекені Тараз, Мойынқұм өңірі, 40 жылдан аса ғұмырым өткен сүйікті қалам – Алматының әкімдігі жылы лебіздерін жолдап, ықыластарын білдіріп жатыр. Шүкіршілік. Одан басқа «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Айқын» газеттері, өздерің бар, шығармашылығым туралы жазып, ойларымызды мүмкіндігінше халыққа жеткізудің жолдарын бірлесе атқарудамыз. Соның ішінде, осы Желтоқсан тақырыбы бәріңізді ерекше қызықтыратынын байқадым. Біреулер мені «Желтоқсан жылнамашысы» деп те атапты. Мейлі ғой, бірақ, шындығын айтсам, жылнама әлі толық жазылған жоқ.

Әлемдегі ең алпауыт империяның билігі мен Коммунистік партияны тәубасына келтірген, бодан еледердің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтап қалуды Одақта бірінші болып көтерген желтоқсандықтардың ерлік істері бір-екі кітапқа сыймайды. Болашақта әрине жалғастыру ойымда бар.

Сонымен қатар, биыл 30 жылдығы тойланар тұста Тәуелсіздігіміздің тұнық бастауында тұрған Ұлы Желтоқсанның қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіре білуіміз қажет. Елбасының «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп жазылған: «...Күнделікті күйбеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз». Иә, әділ айтылған тұжырым деп білеміз. Желтоқсан қасіретін толыққанды зерттеп, жазу, қастерлеп, қадірлеу – бәріміздің ортақ ісіміз, өйткені – қасиетті Желтоқсан біздің тарихымыздың бөлінбес бөлшегі.

2008 жыл. Астана. Елбасымен бірге

Егер, бүкіл қазақстандықтар үшін бағдар ретінде ұсынылған «Мәңгілік Елге» жету жолында рухы мықты ұрпақ тәрбиелеп, тарихи сананы жаңғыртамыз десек, олардың бойындағы қазақстандық патриотизмді тек осындай ерлік істерді насихаттау арқылы қалыптастыратынымызды естен шығармаған жөн.

Қазір мектептерде, колледждерде Тәуелсіздік пен Желтоқсан тақырыбына арналған дәрістер қатар жүргізіліп, іс-шаралар жүйесі ұйымдастырыла бастады. Бірақ бұл әлі тым аз. Бүгінгі оқушылардың компьютерге бейім екенін ескере отырып, осы тақырып жайында заман талабына сай электрондық «Желтоқсан» Энциклопедиясын шығарған жөн деп білемін. Оның техникалық жобасын, бағыт-бағдарын ұсынуға әзірмін.  Қоғам тарапынан қолдау болса, бұл салада атқарылар шаруа әлі көп.

60 жастың асуында

- Енді, айып болмаса, тікелей жеке басыңызға қатысты бір сұрақ. Ертеректе Сіздің қаламыңыздан туған «Байғазы», «Шапағат», «Алау», «Ай мен Күн», «Аспанда ұшқан әппақ құс» сияқты жинақтарды «Коммунар Табей» деген атпен жариялапсыз.  Бұл әдеби лақап есіміңіз бе, қалай?

- Иә, бұл менің әдебиеттен берген ұстазым Биғайша Әбілева деген апайымыз (атақты Диқан Әбілевтің туған қарындасы) қойып берген әдеби лақап есім. Әрбір сөзін сақтықпен айтатын, өте секемшіл кісі еді. Жас кезінде Биғайша апайымыз ағасымен бірге репрессияның салқынын тартқанын кейін білдік қой. Ол кезде хабарсызбыз, әйтеуір Алматыдан келгенін білеміз. Менің соңғы партада отырып алып, қағаз шимайлайтын әдетім барын білетін апайым бір күні жазғандарымды көріп, аудандық «Алға» және балалар газетіне жолдауды тапсырыды. «Бірақ, мына Қайым-Мұнар деген ескіше қойылған есіміңді жаңа заманға лайықтап, сәл өзгертейік. Коммунар десек, әбден үйлесіп тұр» деді. Маған ұстазымның айтқаны шынымен ұнады. Бәлкім, балалықпен мән бермеген де шығармын. Оның үстіне, ауылдағылар мені онсыз да «Кәнтай» деп, анам қойған атпен шақыратын. Ауылдасым, белгілі ақын ағамыз Ғабиден Құлахметов өмір бойы осылай атап кетті. Ал, заманымыздың ағымымен өзгерген есімімді Тәуелсіздіктен кейін зорға қайтардым. Дегенмен, жұрт үйренген «Коммунар Табей» деген әдеби лақап атым Жазушылар Одағындағы билетімде жазулы тұр. Бұл да бір аумалы-төкпелі заманымыздың естелігі ғой. Өзім үшін ыстық. Ең бастысы, аумалы-төкпелі кезеңдер ендігі ұрпағымыздың басында болмасын. Баршаға тілерім сол!

- Әңгімеңізге рахмет!

2006 жыл. Алматы. Желтоқсандықтарға арналған «Тәуелсіздік Таңы» ескерткіші ашылғанда