№4 аурухана дәрігерлері полиция басшысының ұлы қайтыс болғаннан кейін тұтқындалған

Бұл жайттан кейін бас дәрігердің жұбайы Дина Тезекбаева мемлекет басшысына ашық хат жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дина Тезекбаеваның мәліметінше, дәрігерлер қалалық полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлының өлімінен кейін тұтқындалыпты. Белгілісі, биылғы жылдың шілде айында Нұрсұлтан Күдебаев жол апатына ұшырап, артынша №4 клиникалық ауруханада ота жасалған. Мұнан кейін жігітті Германияға алып кеткен еді. Алайда ол сол жақта көз жұмды.

Әйел президентке жазған ашық хатында Қанат Тезекбаевтың аталған ауруханадағы бас дәрігерлік қызметінен қуылғанын және себебі түсіндірілмегенін жазған. 

Отағасы қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігерлік қызметінен қуылып, себебі түсіндірілмеді. Сонымен қатар кепілмен босатылу құқығынсыз қамауға алынды», - дейді Тезекбаева. 

Сондай-ақ, Тезекбаевтың жұбайы Күдебаевқа жасалған ота кезінде күйеуінің тек ассистент болғанын, отаның жүргізілуі мен оның нәтижесіне тікелей жауапты емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, тергеу дәрігердің кінәлі екеніне дәлел ұсынбаған. 


Дина Тезекбаева  ашық хатта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тергеу барысын бақылауға алуды сұрады. 

Stan.kz ақпарат агенттігі оқиғаға қатысты ресми жауап алу үшін қалалық полиция департаментіне сауал жолдады.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев тұтқындалған еді. Артынша аурухананың тағы бір дәрігері қамауға алынды. Олар «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіби міндеттерін тиісті түрде орындамауы» бабы бойынша айыпталып отыр.