- 40 градустық аяз бірнеше күн сақталмақ

Қарағандылық оқушылардың мектепке бармағанына бірнеше күн болды. Қазір сынап бағанасы минус 37 градусқа дейін төмендеп, жоғары сынып оқушыларына да сабақ тоқтатылған.Әйтсе де кейбірі бұған құлақ асар емес.   

Қаупен Ешімханов, Қарағандыдағы №1 орта мектеп директорының орынбасары:

-Оқу болмайды деген хабар алысымен ата-аналарға бәріне айттық. Бірақ соған қарамай бірінші аусымда 3 оқушы келді. Міне, екінші аусымға 3 оқушы келіп оқып жатыр.

Ақтөбеде мұғалімдерінің ескертуін елемеген екі оқушы «мектепке барамын деп» ауруханадан бір-ақ шықты. Жұқа қиініп шықан екеуінің қол-аяғы үсіп қалған. 

Оксана Дмитрюк, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының дәрігері:

-Біреуінің саусақтары үсіп кеткен. Екінші баланың жағдайы да сондай. Жастары 9 бен 10 шамасында. Қажетті емін алып жатыр.

Ал солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары болса үскірік аяздан қаңғыбастарды құтқарып жатыр. Бір күнде арнайы орталыққа жүзге жуық кезбе жеткізілген. Осында олар қырық күн бойына паналайды. Дегенмен өздері аязға қарамастан орталыққа баруға құлық танытпайды. Полицейлер оларды  жылы жерге жеткізуге әрең көндіріп жүр. 


-Бол, бол, өлесің деймін. Тым құрығанда жылынып алшы.

Ақтөбе облысында түні бойы жолда қалған бес жүзге тарта адам құтқарылды.Құтқарушылар қар астынан екі жүздей көлікті шығарып алған.Боранда қалғандарға көмек көрсету үшін барлық құрылымдық жасақ жұмылдырылған. Десе де, күшті боранда әр бағыттағы тас жолда әлі жүзге жуық көлік қалып қойыпты.

Асылжан Телғарин, Ақтөбе облысының тұрғыны:

-Боранда жол бойында көліктер қалып қойды. Тас жолдан Ақжар ауылына дейін 3 шақырым. Адамдар ауылға барып, көмек сұрап, паналап жатыр. Күн боран, ашылмай тұр. 38 градус аяз.       

Табиғаттың тосын мінезінен Жамбыл облысында да жолдар жабылған. Жапалақтап жауған қардан соң, күн күрт суытып, көктайғаққа айналыпты. Осының кесерінен көлік апаты көбейген.

Синоптиктер үскірік аяз еліміздің барлық аймағында әлі бірнеше күн «сақталады» деп отыр. Солтүстік пен батыс өңірлерде сынап бағанасы бүгін тіпті -40  градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.