41 жастағы гимнасшы жетінші рет Олимпиадаға қатысады

Ол кезінде спорттық гимнастикадан Олимпиада чемпионы болған. Спорттың осы түрімен 25 жылдан бері айналысып келеді. Олимпиадаға алты рет қатысқан. Биылғы Ойындар оның жетінші жарысы болады. Оксана Чусовитина биыл 41 жасқа толады. Расын айту керек, бұған дейін гимнасшылар арасында ешкім 41 жасында Олимпия ойындарына қатысып көрген емес. Сондықтан өзбекстандық спортшы төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі дода тарихында ең жасы үлкен гимнасшы атанады.

Әріптестері оны қалжыңдап «әже» деп атайды екен. Оксана мұндай қалжыңды көтереді. Ол өзін әлі 17 жастағы бойжеткен сияқты сезінеді. Гимнасшы Өзбекстанда туып-өскен. Соңғы кездері Германия құрама командасында өнер көрсетті.