42 500 теңгеге әлеуметтік төлем тағайындау 20 шілдеде басталады - Нұрымбетов

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

«Осы жолы да 42 500 теңге әлеуметтік төлемінің операторы ретінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры белгіленді. Өйткені біз осы қордың қаржылық жағдайы туралы «қазір шектеуі, қиын« деп айтқанбыз. Дегенмен, бүгін шешім қабылданды. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы бір аптаның ішінде сол әлеуметтік қордың қаржылық мәселесін шешуі тиіс»,- деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, қордың қаржылық мәселесі шешілгенге дейін Еңбек министрлігі осы төлемге қатысты ережені пысықтайтын болады. Содан кейін оны мемлекеттік органдармен келісіп, Әділет министрлігінде тіркеуі тиіс.

«Осы уақытта біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді, порталдарымызды сол ережеге сәйкестендіріп, тестілеуден өткіземіз. Аянбай жұмыс істейміз. Жоспарымызға сәйкес, алдағы жұма күні порталдар өтініштерді қабылдауға дайын болады. Ал дүйсенбі күннен бастап, яғни 20 шілдеден төлемдерді тағайындауға кіріспекпіз. Сондықтан осы жұмаға дейін электронды Үкіметке және басқа жерлерге өтініш беріп әуре болмаңыздар», - деді Біржан Нұрымбетов.