42 айықтырғышты денсаулық сақтау министрлігінің, ал уақытша оқшаулау орталықтарын білім министрлігінің құзырына беру межеленген

"Ішкі істер министирлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне 42 айықтырғышты денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру қажеттігі туралы келісілген ұсынысты енгізіп, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу туралы нұсқау беру " туралы шешім бас прокурор Рашид Түсіпбековтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысында қабылданды.

Қадағалаушы мекеменің баспасөз қызметінің хабарламасына сәйкес, медициналық айықтырғыштарға жеткізілетін азаматтардың 70 проценті наркологиялық дертке және ішімдікке тұрақты тәуелділік дертіне шалдыққандар. Олардың басым бөлігі арнайы медициналық көмек көрсетуді талап ететін ауыр жарақаттармен жеткізіледі. "Ал небәрі 67 нарколог-дәрігер мен фельдшерлер ғана істейтін айықтырғыштар ахуалында алғашқы дәрігерлік көмек қана көрсету мүмкіндігі бар, олар одан әрі бақыланбайды әрі емделмейді", деп түсіндіреді Бас прокуратурадағылар.

"Медициналық айықтырғыштарды денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне беруге тағы бір себеп - азаматтарды заңсыз және негізсіз ұстап айықтырғыштарға жеткізу деректеріне байланысты", дейді прокуратура.

Сонымен бірге отырыста кәмелеттік жасқа жетпегендерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталықтарын білім беру жүйесіне беру мәселесін дәйектеуге нұсқау берілді. "Бұл бірінші кезекте ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, кәмелеттік жасқа жетпеген қараусыз балалар шоғырланатын уақытша оқшаулау орталықтарында тиісті білім беру процессін жолға қою қажеттігімен түсіндіріледі", дейді баспасөз қызметі. Бас прокуратураның мәліметінше, тек 2006-жылы "қаңғыбас болып кеткен 5,5 мыңдай бала осы жерге орналастырылған".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті