Тауды танымал ету, тауға баруды «сәнге» айналдыру ерекше қарқын алды. Әлеуметтік желілердегі жарнамалар соның айқын дәлелі. Ақылы турлар көбейді. Олар кез келген адамды, дайындық деңгейіне қарамастан, таудың шыңына жеткізуді уәде етеді. Тіпті әлемдегі ең биік шыңдарға апаратын қымбат турлар да бүгінде үлкен сұранысқа ие. Алайда осы әдемі жарнамалардың артында таудың қаншалықты қауіпті екені неге жиі айтылмайды? Неге қауіпсіздік, дайындық, жауапкершілік екінші орынға ысырылып қалады?
Дайындық – тауға деген құрметтен басталады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тауды жақсы көру мен қауіпті фанатизмнің ара-жігін ажыратып, тәжірибелі мамандардың пікіріне сүйене отырып, осы маңызды мәселені талдайды.
Қайда жүрсем де, тау шақырады…
Әлеуметтік желілерде дәл осындай ұрандар жиі кездеседі. Иә, таудың адамға әсері зор екенін жоққа шығаруға болмайды. Тау шынымен де жақсы эмоция сыйлайды, ойды тазартады, күш-қуат береді, жанды тыныштандырады. Таудың адам психологиясына, рухына әсері туралы әлемге әйгілі альпинистер талай айтқан.
«Тау мен үшін - сенуші адамға ғибадатхана қандай қасиетті болса, дәл сондай қасиетті мекен. Мен ол жерге өмірімді таразылап, пенделік күнәлардан арылып, өз-өзімді тазарту үшін барамын. Сол арқылы рухани да, тәндік тұрғыдан да кемелдікке ұмтыламын», - деген еді әлгілі альпинист Анатолий Букреев.
Алайда бір нәрсені ұмытпау керек. Тау - эгоны қанағаттандыратын орын емес.
«Тау мұндай қателіктерді ұнатпайды»
Тауға жиі шығатын тәжірибелі адамдар осылай дейді. Солардың бірі - Айжан Нұрмашева. Ол он жылға жуық уақыт бойы тауға тұрақты түрде шығып келеді. Оның айтуынша, тауда дайындықсыз жүрген жасөспірімдер көбейген.
«Жексенбі күні жақын маңдағы Бутаков сарқырамасына бардық. Тауда қар қалың - 20-25 сантиметр. Күн аяз. Қардың асты мұз болуы әбден мүмкін. Менің жанымда тағы екі адам болды, оларды дайындықсыз шығармаймын. Алдын ала қажетті жабдықтардың тізімін жасап, сол бойынша дайындалуды талап етемін. Жолда бір топ жастарды кездестіріп қалдық. Үстілерінде жеңіл, қалаға арналған киім. Аяқтарында тауға арналмаған аяқ киім. Қолдарында трекинг таяқшалары жоқ, аяқтарында мұздан қорғайтын “кошки” жоқ. Қалада серуендеп жүргендей тауға кетіп барады. Қарасам, жүрегім ауырады. Ең өкініштісі, оларға ақыл айту мүмкін емес, тыңдамайды. Ал тау мұндай қателіктерді кешірмейді. Бұлай құрметсіздік көрсету - үлкен қателік», - дейді Айжан Нұрмашева.
Әлпеш Оразбаева да тауға ғашық жандардың бірі. Алматыға көшіп келгеннен бері тауға шығу оның ең сүйікті ісіне айналған.
«Тауға шықсам, жаным жай табады. Бірақ мен әрдайым мұқият дайындаламын. Басымнан аяғыма дейін қажет жабдықтың бәрі бар. Бұл ең алдымен қауіпсіздік. Гидпен барсам да, достарыммен шықсам да, жауапкершілік өзімде екенін білемін. Әр адам бірінші кезекте қауіпсіздік пен жауапкершілік туралы ойлауы керек», - дейді ол.
Қайғылы статистика
Соңғы бес айдың ішінде Алматы тауларында бес жас жігіттің өмірі қиылды.
25 желтоқсанда Зоя Космодемьянская шыңының етегінде 17, 19 және 20 жастағы үш жасөспірім қар көшкінінің астында қалды. Біреуінің мәйіті сол күні табылды. Ал қалған екеуіне қатысты іздеу-құтқару жұмыстары бірнеше күнге созылды.
Құтқарушы әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына қызметінің қиын сәттерінен үзінді салып отырады. Оның соңғы видеосі 26 желтоқсан мен 27 желтоқсан күні денесі табылған үш жас жігіттің қазасы туралы болған.
"Тау қателікті кешірмейді ешқашан, менің көзім анық жетті. Осыған дейін қанша жанның қиналған ашты дауыстарын құлақпен естіп, көзбен көргенде менің жан айқайымды түсінер ме едіңіздер. Сіздер әлеуметтік желіден көріп жүрген жағдайлардың шын өмірде неше рет куәсі болдым. Біз үшін өскелең ұрпақтың амандығы қымбат", - деп жазған ол.
Бұған дейін де тағы екі жас жігіттің қаза тапқаны тіркелген.
Тауға шығу мен эгоның артынан еру
Тау гиді Дидар Қайыров бұл жағдайларға қатысты тауға әуес қауымға маңызды ескерту жасайды.
«Тауды жақсы көру мен тау фанатизмінің айырмашылығы - жер мен көктей», - дейді ол.
Оның айтуынша, шыңдар екіге бөлінеді: альпинистік және туристік. Альпинистік шыңдарға апаратын жолдың санаттары (категориялары) болады, яғни қиындық деңгейі. Олар 1Б, 2A, 2Б деп жалғасып, 6A, 6Б-мен аяқталады. Бір шыңға апаратын бірнеше маршрут болуы мүмкін. Олар арнайы альпинистік жабдықтарды, тәжірибені, біліктілікті және жоғары дайындықты қажет етеді.
Айта кетейік, қайғылы оқиғалар Жастар шыңының түбінде болды. Оның биіктігі - 4147 метр.
29 шілде, 2025
20 жастағы жігіт қаза тапты. Ол суреттегі 4 саны көрсетілген 1Б санатындағы маршрутпен көтерілмек болған. Жалғыз. Құрал-жабдықсыз. Сақтандырусыз. Салдарынан мұздықтан сырғанап, аяғын сындырған. Көп қан жоғалтқандықтан қайтыс болды.
28 қазан, 2025
19 жастағы жігіт дәл осы шыңға туристтік маршрутпен көтеріліп, 1Б санатындағы жолмен түспек болған. Суретте 1 саны көрсетілген. Тағы да жалғыз, құралсыз, сақтандырусыз. Нәтижесінде жоғарыдан мұздықтан құлап, денесінің сау жері қалмаған.
Кейінгі үш жігіттің өлімі жоғарыда жазылған.
Тауды құрметтеу деген не?
Альпинистік маршруттарға сақтандырусыз, құрал-жабдықсыз шығу - тауға көрсетілген үлкен құрметсіздік.
«Маршрутқа бекерден-бекер санат берілмейді. Оны алғаш ашқан, күрделілігін бағалаған кәсіби альпинистер бар. Сол жолдарда қаза тапқан адамдардың тағдыры бар. Ал кейбіреулер бұл санаттарды жоққа шығарады. “Мен сенен мықтымын” дегендей мінез көрсетеді. Ал тау мұндайды кешірмейді», - дейді Дидар Қайыров.
Туристік маршруттардың өзі көбіне 1А санатына жатады. Бұл альпинистік құрал-жабдықты міндетті түрде талап етпеуі мүмкін. Бірақ бұл «жеңіл» деген сөз емес.
«Қай уақытта шығу, қай уақытта кері бұрылу қажет, сол аймақтағы ауа райын қарап шығу, жақындарды ескерту, маршрутты оқу, жақындарды ескерту, тайминг, қалай киіну керек, өзіңмен не алу керек деген сияқты базаны міндетті түрде білу керек», - дейді гид.
Тау - бөлек әлем, ол әлемнің өз заңдары мен ережелері бар. Ал бұл ережелерге бой ұсынбау - тауға көрсетілген құрметсіздік.
Тауды жақсы көру мен фанатизмнің айырмашылығы
Сөзсіз, тауды жақсы көретін, ұзақ уақыт тауға шықпаса өзін жайсыз сезінетін адамдар бар. Бірақ маманның айтуынша, тауды культке айналдылып, қауіпті романтизациялап, ақылды өшіріп, тек батылдыққа салып «Өлсем де тауда өлермін» деп, бос ұранның артынан ерген жасөспірімдер де аз емес екенін соңғы уақытта байқап жүрміз.
Бұл - махаббат емес, бұл - эгоның маскасы.
«Тауды жақсы көру - оған бағыну, кері бұрыла алу, қабылдау, күте білу, сабырлықтан тұрады. Шыңнан емес, процестен ляззат алу», - дейді Дидар Қайыров.
Эгоның артынан ерген адам шыңға жетуді - жеңіс деп біледі. Ал шын мәнінде, шыңға жету - жеңістің тек жартысы ғана. Нағыз жеңіс - таудан аман-есен түсу.
Гид түсінікті болу үшін мысал келтірді. Екі адам тауғы шықты. Екуінің ниеті әртүрлі.
Шыңға шығатын адам - өз денесін тыңдайтын, ішкі дауысына құлақ асатын, күш-қуатын есептейтін, кері бұрылуды стратегия деп білетін адам. Ал екіншісі - шыққан шыңдардың санын көбейту үшін, немесе шыңға тек «галочка» үшін, белгі, фото, атақ үшін шығатын, өзгелермен жарысып, салыстыратын, кері бұрылуды жеңіліс деп қабылдайтын адам - эгоның құрбаны.
«Ал тауға шыққанда эго мен тәкаппарлықты төменде қалдырып кеткен дұрыс», - дейді гид.
Таулар қаншалықты сұлу болса, соншалықты қауіпті. Сондықтан тауға тек сұлулық үшін емес, құрметпен қарау қажет. Оның заңдарын мойындап, қауіпсіздік ережелерін сақтау - әр адамның жеке жауапкершілігі. Тауды романтизациялау емес, саналы түрде насихаттайтын уақыт келді. Таудың әсемдігін ғана емес, оның қаупін де ашық айту - адам өмірін сақтап қалудың бір жолы.