Бір үйдің отағасы, 30 жастағы Талғат Қожахметовты бүгін жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Жас жігітті тура үйіне таяған кезде бір топ қанішер айуандықпен азаптап өлтірген.
Салтанат дүйсенбі күні темір жолда экономист боп істейтін жарын жұмысқа шығарып салып тұрып, оны соңғы рет көргенім деп ойламапты да. Кешкісін телефонмен сөйлескенде, такси шақыртып, үйге қайтқалы жатқанын айтқан.
Салтанат Қожахметова, марқұмның жесірі:
- Кішкентай қызды әкесіз қалдырды. Ауру шешесін қалдырды. Әділдік сұраймын.
Мынау Өскеменнің іргесінде орналасқан орыс зираты. Қаскөйлер Талғатты осы жерге алып келіп, өздерінің арам ойларын жүзеге асырған. Апталдай азаматтың денесіне 38 жерден пышақ салып, жүрегіне екі шегені қадап тастап, тіпті басын денесінен айырып алуға әрекеттенген.
Марқұмның қолында болған заттардың барлығы ұрланған. Ұялы телефоны, әмияны, сағаты былай тұрсын, тіпті аяқ киімін де шешіп алыпты.
Бақытгүл Қошқарбаева, марқұмның апасы:
- Бұл баланы белгісіз біреулер, бес адам, қойша бауыздап кеткен. Мынандай заманда қазақ қазақты қойша бауыздағаны. Біз неге жеттік?!!!
Тергеу такси жүргізушісінің сөзіне сүйеніп жүріп жатыр. Оның айтуынша, Талғатты алып кетуге бара жатқанда, көлікте екі жолаушысы болған. Одан кейін жолдан тағы 3 адам мінген көрінеді. Барлығын христиан зиратының маңына апарып тастағаннан кейін, көңіліне күдік ұялап полицияға хабар беріпті.
Бахытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Туыстарының қобалжуы түсінікті. Дегенмен, тергеу басталғанына көп уақыт өткен жоқ. Көп нәрсе белгісіз, осының барлығын анықтау керек.
Бұл іспен арнайы құрылған тергеу тобы айналысуда. Қазір бір адам қамауға алыныпты. Осыдан 3-4 күн бұрын ғана абақтыдан босап шыққан біреу екен. Ол сыбайластарын жасырып, бүкіл кінәні өз мойнына алып отырған көрінеді.