"500 мың теңге бердім": Кореяда жоғары жалақыға жұмысқа аттанатын қазақстандықтар қалай алданып жүр

Бұл қызметті ұсынып отырғандар телеарналар арқылы жарнама беріп, әлі де жұмыс іздеген адамдарды аттандырып жүрген көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

"Оңтүстік Коряда жұмыс істейтіндер ақшаның астында қалады. Виза, сақтандыру полисі, жұмысқа орналастыру барлығын өзіміз тындырамыз. Жұмысы ауыр дегені болмаса табысы жақсы!".

Осындай хабарландыруды көрген астаналық Айжан бірден жұмыс берушімен кездесіп, жарты миллион теңгеден астам қаржыны санап беріпті. Алматыға шақырып, әулие әмбиелерді аралатып, сұлулық салонына апарып әрлеткен. Бұл қызметтер үшін әр адамнан жүз мың теңгеден қағып алыпты. Ақыры алданып қалған келіншек түрін көрсетпеуді өтінді.

«Көк базарға апарып бізді киіндіре бастады. Бізге артық шығын керегі жоқ, онсыз да қарызға белшеден баттық деп едік оған құлақ асқан жоқ. Сол кезде бір шикіліктің бар екеніне күдіктене бастадым. Мен ол келіншекке 550 мың теңге бердім», - деді Айжан.

Алматыдан сегіз адам Оңтүстік Кореяға аттанған. Билеттерді Өзбекстан арқылы алыпты. Сеулге барғанда інісі күтіп алып, жұмысқа орналастырады деп ескертекен. Алайда әуежайда ары аса алмапты. Кеденшілерге өздерінің саяхатшы екенін дәлелдей алмаған соң кері қайтуға тура келген. 

«Кореяға ұшып барып қондық. Бізді кеденшілер өткізбейді. 8 адамның тек екеуін ғана өткізді. Арамыздағы жас қыз бен бір жігіттің ғана өтуіне рұқсат берді. Біз бірден жіберген адамға хабарласып, бізді өткізбей жатыр күтіп алатын адамың қайда десек оның жұмысы бар, сендерді ешкім күтіп алуға міндетті емес деген жауап алдық», - деді Айжан.

Ал Кореяға жұмысқа орналастыратын келіншекпен біз де кездестік. Айтуынша құрылыс салас мен теңіз жәндіктерін күтіп баптау сынды қызметтер ұсынды. Айлығы 650 мың теңгеден бастап, миллион теңгеге дейін екен. Ол жаққа бару үшін Индираның қолына 650 мың теңгені санап беруің тиіс. Таныстыра Сеулден күтіп алып, жұмысқа орналастыратын көрінеді. Айтуынша жылына мыңға жуық адамды Оңтүстік кореяға аттандырады екен. 


«650 мыңмен жіберемін бір адамды. 650 мыңның ішіне авия билетіңіз, гостиница, страховка, таможня, Кореяға барғанда жұмысқа орналастырып бергенім кіреді 650 мыңның ішіне. Виза екі жылдық визе отдельно мың доллар болады. Любой ақшасы дайын адам 22 немесе 29 кете береді. Күтіп алып жұмысқа орналастыратын адам бар», - дейді Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналастырушы. 

Айжан Индираға берген ақшасының тек 40 пайызын ғана қайтарып бергенін айтады. Кореяға өздерімен бірге барып, сол жақта қалып қойған азамат әлі күнге жұмыс таппапты. Үшінші тамыздан бері сенделіп жүр екен. Бір қызығы алданған азаматтардың ешқайсысы полицияға шағым түсірмеген.