5-6-қарашада Любляна қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына 2008-жылы төрағалық жасайтын кандидатура қаралады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, министрлердің жиынында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына 2008-жылы төрағалық жасауға ниет білдіріп отырған Финляндияның кандидатурасы қаралады.

Халықаралық форумға дайындық мәселелері ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Рахат Әлиев пен аталмыш ұйымға мүше кейбір елдердің елшілерімен Венада бейсенбі күні өткен кездесуінде талқыланды.
Сол күні Р.Әлиев басқарған қазақстандық өкілдер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының тұрақты кеңесінің отырысына қатысты. Вице-министр отырысқа қатысушыларға Қазақстандағы демократиялық реформалардың барысы, ұлттық саяси модернизациялау бағдарламасының жүзеге асырылу жайы мен азаматтық қоғам институттарын нығайту туралы мағлұматтар берді. Әсіресе Қазақстандағы президент сайлауына дайындық барысы мен еліміз тарапынан сайлау заңнамасын жетілдіру және азаматтардың сайлау құқығын демократиялық стандарттарға сәйкес қамтамасыз ету бағытында алынып жатқан шараларға баса назар аударылды. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге деген талпынысы атап көрсетілді. ҚР СІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Еуропалық Одақтың атынан Ұлыбритания, сондай-ақ, АҚШ және Норвегия елшілері Қазақстан басшылығының сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы талпыныстарын жоғары бағалап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықтың конструктивтік сипатын атап өтті. Отырысқа қатысушылар Астананың демократиялық реформаларды одан әрі тереңдету мақсатында сайлауды әділетті әрі әділ өткізуге деген ниетін құптады,- делінген СІМ-нің хабарламасында.