6 млн теңге жымқырмақ болған Еуразиялық банк қызметкері тұтқындалды

Қарағандыда Еуразиялық банк филиалының қызметкері қомақты ақша жымқырмақ болған деген айыппен қамауға алынды.


           «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне N1 аудандық Қазыбек би соты мәлімдегендей, Еуразиялық банктің қарағандылық филиалы несиелеу бөлімінің 23 жастағы маманы өз сыбайласының атына дербес есеп шот ашып, оған 6 млн теңге аударған.
           Банктің қауіпсіздік қызметінің көзіне түсіп қалмау үшін 25 жастағы жұмыссыз сыбайласы ақшаны әр күндері бөліп түрлі филиалдардан алған. Алдымен 1 млн теңге, сол күні банктің басқа филиалынан 2,5 млн теңге алған. Бір аптадан кейін ол тағы 2,5 млн теңге алмақ болған кезде банктің қауіпсіздік қызметінің қолына түскен, ол кезде ақша жымқыру фактісі әшкере болған.
           Құқық қорғау органдары банк қызметкері мен оның сыбайласын ұстады. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы (жымқыру жолымен алаяқтық жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалып сот санкциясымен тұтқынға алынды.